Шикізаттық емес секторлар экономиканы дамытудың негізгі факторына айналады - Үкімет сағаты

АСТАНА. 4 наурыз. ҚазАқпарат - Экономиканы дамытудың негізгі факторы сыртқы және ішкі инвестициялардың өсуі, әсіресе экономиканың шикізаттық емес секторларынан болады деп санаймын.

Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев осылай мәлім етті.

Министрдің пайымынша, алдағы кезеңдерде жаңа тікелей инвестицияларды тарту және капиталды сыртқы нарықтардан іздеу - экономикалық саясаттың басымдылығы болмақ. «Осы мақсатта мемлекеттік-жеке меншік әріптестік үдерісін жандандыру, бақылау-рұқсат беру жүйесі тәжірибесін оңтайландыру қарастырылған. Инвесторлар үшін Қазақстанның тартымдылығын арттыру мақсатында Экономикалық даму жөніндегі ынтымақтастық ұйымының өзіндік стандарттары негізінде инвестициялық ахуалды жақсарту жұмыстары жүргізілетін болады», - дейді Ерболат Досаев.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік-жеке меншік әріптестігінің дамуына, әсіресе, Елбасы тапсырмасы бойынша қолға алынатын жаңа ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске қосумен байланысты салаларға үлкен үміт артылады.