Депутаттың айтуынша, ірі жер қойнауын пайдаланушылар ел ішінде өңдеуді дамытуға мүдделі емес. Өндірілген алюминийдің 87 пайызы, мыстың 99 пайызы, қорғасынның 77 пайызы елден экспортталады. Алайда локализация төмен деңгейде қалып отыр.
«Өндірісте импорттық шикізат пен құрамдас бөліктер басым. Мәселен, мемлекеттің күшті қолдауына қарамастан, Қазақстанның машина жасау өнімдеріне деген сұранысының 80%-дан астамы құрамдас бөліктерді шетелден жеткізу есебінен қамтамасыз етіледі. Фармацевтика өнеркәсібіндегі импорт үлесі – 63%, жиһаз – 55%, электронды өнімдер – 40%», - деді Ш. Бұқтұғұтов Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Сенатор сондай-ақ өнеркәсіптік саясат пен мемлекеттік қолдау тетіктерінің жетілдірілмегендігін, бұл өңдеу өнеркәсібінің қаржы институттары үшін тартымсыз болып қалуына әкеліп соғатынын атап өтті. Мәселені шешу үшін сенатор бірқатар нақты ұсыныстар айтты.
«Заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу және жер қойнауын пайдаланушыларды шикізаттың бір бөлігін ішкі нарықта тиімді шарттармен сатуға бағыттауды ұсынамыз. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар аясында мемлекеттік қолдауды алып отырған немесе жеңілдіктері бар компаниялар үшін өзара міндеттемелер белгіленуі керек. Индустриялық даму қорының қызметін өңдеуші өнеркәсіпті дамытуды ынталандыру бағытына өзгерту маңызды. Жоғары технологиялық өнім шығаратын кәсіпорындарға мемлекеттік қолдауды шоғырландыру қажет. Сонымен қатар, тауарларды қайта бөлу деңгейін бағалау әдістемесін қайта қарап, оны салалардың және тұтастай алғанда экономиканың нақты жағдайына сәйкестендіру маңызды», - деді депутат.