2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Шикізаттан – өнеркәсіптік модельге: Қазақстан экономикасы қай бағытта дамып келеді

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде шикізаттық емес экспорт артып, машина жасау өндірісі кеңейіп, өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы рөлі күшейіп отыр. Бұл үрдіс қаншалықты тұрақты және экономиканы әртараптандыруда қандай нәтиже беріп жатыр? Сауалдарға Kazinform агенттігінің сараптамалық шолушысы жауап іздеді.

Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, өткен жылы өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі шамамен 30,6 трлн теңгені құрап, 6,4%-ға өскен. Биылғы бірінші жартыжылдықта өсім қарқыны 9,8%-ға дейін жеделдеді. Бұл өңдеу секторының экономикадағы үлесі артып келе жатқанын көрсетеді.

Алайда өндіріс көлемінің өсуі экономиканың әртараптандырылу деңгейін толық сипаттай алмайды. Мұнда өндірілетін өнімнің сипаты, Қазақстанда жасалатын қосылған құн көлемі мен кәсіпорындардың импорттық бөлшектерге, жабдықтар мен технологияларға тәуелділігі сияқты факторлар маңызды. Сондықтан өңдеу өнеркәсібінің өсімін бағалауда оның көлемімен қатар, өндірістің қаншалықты терең өңдеуге және технологиялық күрделілікке көшіп жатқанын да ескеру қажет.

Өңдеу өнеркәсібінің үлесі біртіндеп артып жатыр

Қазақстан өзінің өнеркәсіптік бейінін біртіндеп өзгертіп келеді. Соңғы жылдары экономикалық өсімге шикізат өндірумен қатар, металл бұйымдарын өндіру, машина жасау, химия, тамақ өнеркәсібі мен құрылыс материалдарын шығару салалары да үлес қосып отыр.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2015 жылы өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі 10,1%, ал тау-кен өндіру өнеркәсібінің үлесі 12,7% болған. 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12,8%-ға дейін өссе, тау-кен өндіру секторының көрсеткіші 11,7%-ға дейін төмендеген. Алайда бұл өзгеріс жылдар бойы біркелкі болған жоқ. Атап айтқанда, 2020–2022 жылдары өңдеу өнеркәсібінің үлесі 13,1–13,4% аралығында болып, кейін төмендегенімен, қайта өсу кезеңіне өтті.

Инфографика: Kazinform

Алайда Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының қаржылық талдаушысы Рамазан Досов жаңа экономикалық модель қалыптасты деп айтуға әзірге ерте екенін айтады.

– Мұндай трансформацияның белгілері қазірдің өзінде бар. Алайда әзір экономиканың қалыптасқан жаңа моделі туралы емес, осы үдерістің басталғаны туралы айтқан дұрысырақ, – деді сарапшы.

Фото: Р. Досовтың жеке мұрағатынан

Сарапшының айтуынша, 2026 жылғы қаңтар–маусым айларындағы көрсеткіштер де өңдеу секторының рөлі артып келе жатқанын аңғартады. Өңдеу өнеркәсібі 9,8%-ға өссе, ЖІӨ өсімі 4,1% болды, ал тау-кен өндіру секторы қысқарған. Өңдеу өнеркәсібі жалпы ЖІӨ өсіміне 1,25 пайыздық тармақ қосып, экономикалық өсімнің үштен біріне жуығын қамтамасыз етті.

Бұл кезеңде өңдеу өнеркәсібіне салынған негізгі капиталға инвестициялар 33,3%-ға өсіп, 1,43 трлн теңгеге жетті. Ал тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі инвестициялар 6,5%-ға төмендеді.

– Егер өңдеу өнеркәсібінің өсімі мен оған салынатын инвестициялар бірнеше жыл қатарынан жоғары деңгейде сақталса, бұл экономиканың құрылымында нақты өзгеріс болып жатқанын көрсетеді. Бір жылдық жоғары өсім мұндай қорытынды жасауға жеткіліксіз, — деді ол.

Бұл жерде көрсеткіштердің есептелу кезеңін де ескерген жөн. Өткен жылғы қорытынды бойынша өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі 12,8% болса, сарапшы келтірген 14% көрсеткіш 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына қатысты

Өсімді қандай салалар қамтамасыз етіп отыр?

Өңдеу өнеркәсібіндегі оң динамика бірнеше бағыттың есебінен қалыптасып отыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы дайын металл бұйымдарын өндіру 13,6%-ға, жеңіл өнеркәсіп 13,2%-ға, машина жасау 12,9%-ға, химия өнеркәсібі 9,8%-ға, құрылыс материалдарын өндіру 9,7%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдарын шығару 7,6%-ға өскен. Металлургиядағы өсім 1,2% болды.

Машина жасау саласында автокөлік құралдарын шығару 17,5%-ға, ауыл шаруашылығы техникасын өндіру 18,1%-ға, электр жабдықтарын шығару 16%-ға артқан. Компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар өндірісі 1,5 есеге өсті.

Химия өнеркәсібінде полипропилен, аммофос және аммиак селитрасын өндіру айтарлықтай үлес қосты. Құрылыс материалдарын өндіруде цемент, ерітінділер мен әк өндірісінің көлемі артты.

2026 жылғы қаңтар–маусым айларында өсім қарқыны жеделдеді. Дайын металл бұйымдарын өндіру 39,9%-ға, машина жасау 23,1%-ға, химия өнеркәсібі 20,7%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру 21,8%-ға, құрылыс материалдарын шығару 14,1%-ға өсті. Жиһаз өндірісінің көлемі 24,4%-ға артты.

Инфографика: Kazinform

Әсіресе жеңіл өнеркәсіпте айтарлықтай өсім байқалды. Бұл тоқыма, киім және былғары өнімдерін өндіру көлемінің артуымен, сондай-ақ жаңа жобалардың іске қосылуымен байланысты.

Терең өңдеу қарқыны төмен

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өңделген тауарлар экспорты 15,17 млрд долларды құрап, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,6%-ға өскен. Бұл көрсеткіш соңғы жылдардағы экспорт көлемінің тұрақты жоғары деңгейде қалып отырғанын көрсетеді. 2024 жылы өңделген тауар экспорты 28,77 млрд доллар, 2025 жылы 28,82 млрд доллар болды.

Алайда экспорт көлемінің өсуі оның құрылымы өзгерді дегенді білдірмейді. Биылғы бірінші жартыжылдықта негізгі өсімнің едәуір бөлігі металдар мен бастапқы өңдеу өнімдеріне тиесілі болды. Мыс пен мыс катодтарының экспорты 58%-ға, мыс кендері мен концентраттары 42,9%-ға, күміс шамамен 140%-ға, күкірт 192%-ға, ал бидай 28,2%-ға артқан.

Сонымен қатар экспортта күнбағыс майы, мал азығына арналған өнімдер, ұн, аралас тыңайтқыштар мен жекелеген жабдық түрлерінің жеткізілімі де көбейді. Бұл тауарлардың сыртқы нарықтағы көлемі артып келе жатқанымен, әзірге олардың жалпы экспорт өсіміндегі үлесі металдар мен төмен деңгейде өңделген өнімдерден әлдеқайда аз.

Экспорт құрылымында төмен деңгейде өңделген өнімдер басым

2024 жылы өңделген тауарлар экспортындағы орта және жоғары деңгейде өңделген өнімдердің үлесі 55,8% болса, 2025 жылы 55,5% болды. Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында көрсеткіш 53,7%-дан 51,2%-ға дейін төмендеді. Оның ішінде жоғары деңгейде өңделген өнімдердің үлесі 35,1%-дан 33,3%-ға, орта деңгейде өңделген өнімдердің үлесі 18,6%-дан 17,9%-ға қысқарды. Керісінше, төмен деңгейде өңделген өнімдердің үлесі 46,3%-дан 48,8%-ға өсті.

Инфографика: Kazinform

Сауда және интеграция министрлігі шикізаттық емес экспортты әртараптандыру шараларын күшейту қажеттігін атап отыр. Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының қаржылық талдаушысы Рамазан Досовтың пікірінше, экономиканың әртараптандырылуын тек экспорт көлемімен бағалау жеткіліксіз. Бұл ретте өнімнің технологиялық күрделілігі, ел ішінде жасалатын қосылған құн және импорттық компоненттерге тәуелділік ескерілуі керек.

– Шикізаттық емес экспорттың едәуір бөлігін металдар мен бастапқы өңделген өнімдер құрайды. Сондықтан экономикада оң өзгерістер бар. Бірақ әзірге бұл толыққанды жаңа экономикалық модель қалыптасты дегенді білдірмейді. Қазіргі өзгеріс көбіне елдегі қалыптасқан шикізат базасына сүйене отырып, өңделген өнімдер өндірісін кеңейтумен шектеліп отыр, – деді сарапшы.

Агроэкспорт: шикізаттан дайын өнімге дейін

Өсім байқалған маңызды бағыттардың бірі – агроөнеркәсіптік кешен. 2026 жылғы қаңтар–маусым айларында ауыл шаруашылығы өнімдерінің сыртқы сауда айналымы 22,8%-ға өсіп, 8,17 млрд долларға жетті. Экспорт 37,2%-ға артып, 4,41 млрд долларды құрады. Нәтижесінде сауда балансы бір жыл бұрынғы 0,22 млрд доллар тапшылықтан 0,66 млрд доллар профицитке шықты.

Экспорттың негізгі бөлігін бидай құрады: 998,4 млн доллар, өсім 28,2%. Одан кейін күнбағыс майы – 533 млн доллар (+56,9%), мал азығына арналған өнімдер – 438 млн доллар (+79,9%), зығыр тұқымы – 323,2 млн доллар (+2,2 есе) және бидай ұны – 308,8 млн доллар (+42,4%).

Бұл көрсеткіштер агроэкспортта шикізатпен қатар өңделген өнімдердің де көлемі артып келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе май, ұн және мал азығына арналған өнімдер бойынша өсім байқалады. Ендігі міндет – осы үрдісті жалғастырып, тағамдық ингредиенттер, дайын брендтік өнімдер, премикстер, жемшөп қоспалары мен қаптама сияқты қосылған құны жоғары тауарлардың өндірісін дамыту.

Машина жасау: экспорт өсімін не тежеп тұр?

Машина жасау – экономиканы әртараптандырудағы маңызды салалардың бірі. Ол жаңа технологиялық құзыреттерді қалыптастырып қана қоймай, металлургия, химия, электроника сияқты ілеспе секторлардың дамуына да серпін береді. Алайда саланың импортқа тәуелділігі әлі де жоғары.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, салада экспорт 2024 жылы 2,78 млрд доллар, 2025 жылы 2,45 млрд доллар болды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ол 1,06 млрд долларға жеткенімен, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,5%-ға төмендеді.

Бұл ретте импорт керісінше өсіп отыр. Биылғы алғашқы алты айда машина жасау өнімдерінің импорты 10,8%-ға артып, 8,81 млрд долларға жетті. Нәтижесінде сауда балансының тапшылығы 7,76 млрд доллар болды.

Инфографика: Kazinform

Экспорт құрылымында жол-құрылыс техникасы, теледидарлар, мониторлар, проекторлар және кір жуғыш машиналар бар. Сонымен қатар материалдарды термиялық өңдеуге арналған жабдықтардың экспорты 3,5 есе, электр генератор қондырғыларының экспорты 88,5%-ға өскен. Бұл жекелеген технологиялық өнімдер бойынша сыртқы нарыққа шығу мүмкіндігі бар екенін көрсетеді.

Құрастырудан компоненттер өндірісіне дейін

Машина жасау саласының даму деңгейін бағалаудағы маңызды көрсеткіштердің бірі – өндірісті оқшаулау деңгейі. Кәсіпорын қажетті бөлшектердің басым бөлігін сырттан алып, ел ішінде негізінен құрастырумен шектелсе, оның экономикаға қосатын ішкі құн үлесі де төмен болады. Сондықтан өндірістің дамуын бағалауда дайын өнім шығарумен қатар, оның қандай бөлігінің Қазақстанда өндірілетініне мән беру қажет.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, автомобиль өнеркәсібінде мультимедиялық жүйелер, шиналар, орындықтар, кузов элементтері, аккумуляторлар және басқа да бөлшектер өндірісі жолға қойылған. Мысалы, QazTehna кәсіпорны Qarmet болатынан автобустарға арналған кузов панельдерін шығарады. Ал KamLit KZ ауыл шаруашылығы техникасына арналған қозғалтқыш бөлшектері мен көпір арқалықтарын құю өндірісін игерді.

Компоненттік базаны кеңейтуге бағытталған жаңа жобалар да бар. Олардың қатарында автомобиль сымдарын, бамперлерді, шығару жүйелерін, пластмасса бөлшектерін, түтіктер мен резеңке тығыздағыштарды өндіру жобалары қарастырылуда.

Теміржол машина жасау саласында да өндіріс тізбегі кеңейіп келеді. Мұнда доңғалақ жұптары, осьтер, тұтас илемделген дөңгелектер, буксалық тораптар мен мойынтіректермен қатар, локомотивтер, электровоздар және жүк вагондары шығарылады.

Бұл бағытта жекелеген сегменттер бойынша нақты мақсаттар белгіленген. Мәселен, автомобиль өнеркәсібінде CKD әдісімен шығарылатын өнімнің үлесін 2027 жылға қарай 50%-ға, ал жолаушылар вагондары өндірісіндегі оқшаулау деңгейін 2030 жылға қарай 50%-ға жеткізу көзделген.

Алайда бүкіл машина жасау саласына ортақ бір ғана оқшаулау көрсеткіші жоқ. Сондықтан өндірістің нәтижесін тек пайызбен өлшеу жеткіліксіз. Қандай компоненттердің ел ішінде шығарылып жатқаны да маңызды.

Жаңа кәсіпорындар

2021–2025 жылдары елімізде 514 жаңа өндіріс орны іске қосылғанын айту керек. Оларға салынған инвестиция көлемі шамамен 4,4 трлн теңгені құрап, 51 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылды. Бұл кезеңде өндірістік қуатты арттыруға бағытталған бірқатар ірі жобалар да жүзеге асырылды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі олардың қатарында жылына 500 мың тонна полипропилен өндіруге қауқарлы Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. газ-химия кешенін, «Богуты» вольфрам кен орнын игеру жобасын және KamaTyresKZ автомобиль шиналарын шығару өндірісін атап отыр.

Машина жасау мен автомобиль өнеркәсібінде де жаңа қуаттар қалыптасып келеді. Атап айтқанда, Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыты жылына 120 мың автомобиль өндіруге есептелген. Ал Қостанайдағы KIA зауытының өндірістік қуаты жылына 70 мыңға дейін автомобиль шығаруға мүмкіндік береді.

Еңбек өнімділігі өсіп келеді

Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің артуымен қатар еңбек өнімділігі де өсіп келеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, өткен жылы өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі бір адамға шаққанда 62,3 мың долларды немесе 33,1 млн теңгені құрады. Бұл 2020 жылғы 15,8 млн теңгемен салыстырғанда 108,4%-ға жоғары.

Алайда өңдеу өнеркәсібі бұл көрсеткіш бойынша әлі де тау-кен өндіру секторынан төмен. 2025 жылы тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі бір адамға 64 млн теңгені құрады. 2020 жылы көрсеткіш 31,1 млн теңге болған.

Сондықтан өңдеу өнеркәсібінің өнімділігін одан әрі арттыру маңызды. Ол үшін өндірісті жаңғырту, цифрлық технологияларды енгізу, жұмысшылардың біліктілігін арттыру және күрделі технологияларды игеру қажет.

– Мұны тек мемлекет емес, жеке капитал да жасауы маңызды, – деп атап өтті Рамазан Досов.

Нақты экспорт нәтижесі маңызды

Еңбек өнімділігінің өсуі қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді. Әсіресе сыртқы нарыққа шығу үшін өндірістік қуаттың болуы жеткіліксіз. Кәсіпорындарға қаржыландыру, сертификаттау, сатып алушыларды табу, логистика және өнімді ілгерілету бағытында қолдау қажет. Осындай құралдардың бірі – QazTrade экспорттық акселерация бағдарламасы.

Бағдарламаға 2024 және 2025 жылдары 120 кәсіпорыннан қатысты. Ал биыл түскен 253 өтінімнің ішінен 125 компания іріктеліп, тағы 25 компания резервке енгізілді.

Бағдарлама нәтижелеріне келсек, 2024 жылғы қатысушылар 2025 жылы 178,755 млн доллар көлемінде нақты экспорттық жеткізілім жүзеге асырды. Бұған қоса 10,011 млн доллар көлемінде экспорттық келісімдер жасалды.

Инфографика: Kazinform

2026 жылғы 30 шілдедегі жағдай бойынша бағдарлама қатысушылары 160 млн доллар көлемінде экспорттық келісімдерге қол жеткізген. Алайда бұл сома нақты жүзеге асқан жеткізілім көлемін емес, жасалған келісімдердің құнын көрсетеді.

Себебі қол қойылған келісімдердің барлығы бірдей толық көлемде орындала бермейді. Жеткізілім барысында сертификаттау, логистика, қаржыландыру немесе нарықтағы сұраныстың өзгеруі сияқты факторлар кедергі болуы мүмкін.

Сондықтан мемлекеттік қолдаудың нәтижесін бизнес-миссиялар мен келісімшарттардың санымен өлшеу жеткіліксіз. Оның нақты әсерін кәсіпорындардың экспорттан алған түсімі, тұрақты сатып алушылармен қайталама келісімдері және бағдарлама аяқталғаннан кейін де сыртқы нарықтағы белсенділігін сақтай алуы арқылы бағалау маңызды.

Қазақстандық өнімдер қандай нарықтарға шығып жатыр?

Қазақстанның шикізаттық емес экспорты негізінен Қытай, Ресей, Орталық Азия елдері және Түркия нарықтарына бағытталған. Өткен жылы шикізаттық емес экспорттың жалпы құнының 72,9%-ы негізгі бес бағытқа тиесілі болды. Бұл экспорттың белгілі бір нарықтарға шоғырланғанын көрсетеді.

Биыл бірінші жартыжылдықта Қытайға өңделген тауарлар экспорты шамамен 3,7 млрд долларды құрап, құндық мәнде 12,1%-ға, физикалық көлемде 27,3%-ға өсті. Өзбекстанға жеткізілімдер де артып, 23,5%-ға өсіп, 1,4 млрд долларға жетті. Физикалық көлемдегі өсім 9,9% болды.

Ал Ресейге экспорт құндық мәнде 12,1%-ға, физикалық көлемде 15,9%-ға төмендеді. Түркияға жеткізілімдер керісінше 101,6%-ға өсіп, 1,9 млрд долларға жеткенімен, физикалық көлем 21,4%-ға қысқарды. Бұл айырмашылық экспорт құрылымының өзгеруі немесе баға факторының әсері болуы мүмкін.

Экспорт географиясын кеңейту сыртқы нарықтарға тәуелділікті азайтудың бір тетігі болғанымен, оның тұрақтылығы тек жаңа бағыттардың пайда болуымен өлшенбейді. Кәсіпорындардың нарықтарға қайта-қайта шығып, тұрақты сатып алушыларын сақтауы және баға, сапа мен жеткізу мерзімі бойынша бәсекеге қабілетті болуы да маңызды.

Ішкі нарықта отандық өнімнің үлесі жоғары

Әртараптандыру сыртқы нарықтармен шектелмейді. Отандық өндірістің тұрақты дамуы үшін кәсіпорындардың ішкі нарықтағы позициясын күшейту маңызды. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, заңнама бойынша сауда орындарындағы сөрелердің кемінде 30%-ы қазақстандық өнімдерге бөлінуі тиіс. Ал мемлекеттік қолдау алатын сауда нысандарында бұл үлес 50%-ға дейін жетуі мүмкін.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Сауда комитеті 31 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бойынша 40-тан астам сауда желісіндегі отандық өнімдердің үлесін талдады. Нәтижесінде қазақстандық өнімдердің орташа үлесі 83% болды. Ең жоғары көрсеткіш пиязда – 100%, нанда – 99,7%, сәбізде – 97%, жұмыртқада – 95% және картопта – 94% тіркелді.

Алайда бұл көрсеткіштер негізінен азық-түлік нарығындағы жағдайды көрсетеді. Сондықтан оларды машина жасау, электроника, фармацевтика немесе күрделі жабдықтар өндірісіндегі отандық өнім үлесіне тікелей қолдануға болмайды.

Бұдан бөлек, сауда сөресінен орын алу өнімнің тұрақты сатылатынын білдірмейді. Өндірушілер үшін логистика, қаптама, жеткізу көлемі, төлем мерзімі және сауда желілерін үздіксіз қамтамасыз ету мүмкіндігі де шешуші фактор болып қала береді.

Әртараптандыруды тежейтін үш фактор

Өңдеу өнеркәсібі өсіп келе жатқанымен, экономиканың құрылымдық өзгерісін тежейтін бірнеше фактор сақталып отыр. Олардың қатарында экспорттың жекелеген тауарларға шоғырлануы, машина жасау саласының импортқа тәуелділігі және өндірістің мемлекеттік қолдауға байланыстылығы бар.

Бірінші мәселе – экспорттың шоғырлануы. Өткен жылы уран, мыс пен мыс катодтары және ферроқорытпалар шикізаттық емес экспорттың шамамен 36%-ын құрады. 2026 жылдың қаңтар–маусымында бұл үлес 35,9%-ға жетті. Оның ішінде мыс пен мыс катодтарының өзіне 18,8% тиесілі. Мұндай құрылым экспортты әлемдік металл бағаларына, сыртқы сұранысқа және жекелеген нарықтардағы жағдайға тәуелді етеді.

Екінші мәселе – машина жасау саласының импортқа тәуелділігі. Биыл бірінші жартыжылдықта бұл сектордағы сауда тапшылығы 7,76 млрд долларға жетті. Яғни ішкі өндіріс көлемі артқанымен, машиналар, жабдықтар мен компоненттер импортына қажеттілік әзірге айтарлықтай төмендеген жоқ.

Үшінші мәселе – өндірістің мемлекеттік қолдауға тәуелділігі. Рамазан Досовтың пікірінше, экономиканың қаншалықты терең өзгеріп жатқанын бағалау үшін өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі қосылған құн үлесімен қатар, еңбек өнімділігі, жеке инвестициялар және таза экспорттық әсер сияқты көрсеткіштерге де назар аудару қажет.

– Қазір өндіру көлемі төмендеген кезде өңдеу өнеркәсібі өсіп келеді. Алайда бұл оның толық дербестігі туралы айтуға әзірге мүмкіндік бермейді. Себебі өнеркәсіптік жобалардың едәуір бөлігі бюджет, даму институттары және квазимемлекеттік сектордың қатысуымен жүзеге асырылып жатыр, – деді сарапшы.

Өнеркәсіп мұнай кірістерін өтей ала ма?

Өндіруші сектордың ЖІӨ-дегі үлесінің төмендеуі Қазақстанның мұнайға тәуелділігі жойылды дегенді білдірмейді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында шикі мұнай тауар экспортының 46,5%-ын құрады. Ал S&P Global Ratings бағалауынша, мұнай-газ секторы шоғырландырылған бюджет кірістерінің 30%-дан астамын қалыптастырады.

Мұнайдың мемлекеттік қаржыдағы рөлі де айтарлықтай. 2025 жылы мұнай компанияларынан Ұлттық қорға түскен тікелей салықтар шамамен 3,7 трлн теңгені құрады. Сол жылы Ұлттық қордан бюджетке 5,25 трлн теңге бағытталды.

Сондықтан мұнай-газ секторының маңызын оның ЖІӨ-дегі үлесімен бағалау жеткіліксіз. Мұнай экспорты елдің валюталық түсіміне әсер етеді, ал сектордан түсетін кірістер бюджет пен мемлекеттік шығыстарды қаржыландыруда маңызды рөл атқарады. Бұл ретте мұнай бағасы мен өндіріс көлемінің өзгеруі экономикаға әртүрлі әсер етуі мүмкін.

– Қазақстан қазір мұнай бағасының төмендеуіне қарағанда мұнай өндіру көлемінің азаюына төтеп беруге анағұрлым дайын. Өңдеу өнеркәсібі өндірісті, жұмыспен қамтуды және экспорттың бір бөлігін қолдай алады. Алайда мұнай бағасының күрт төмендеуі бір мезетте төлем балансына, бюджетке және айырбас бағамына әсер етеді, – деп есептейді Рамазан Досов.

Мұнай кірістерін толық алмастыру үшін өңдеу және басқа да өндіріс салаларының ауқымын едәуір ұлғайту қажет. Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтың бағалауынша, мұнай кірістерінің орнын толтыру үшін өнеркәсіп көлемі 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда шамамен 30%-ға өсуі керек. Оның пікірінше, мұндай нәтижеге жетуге шамамен үш-бес жыл қажет.

Фото Расул Рысмамбетовтің жеке мұрағатынан

2030 жылға дейінгі жоспар

Еліміздің 2030 жылға дейінгі сауда саясаты тұжырымдамасында шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің экспортын ұлғайту көзделген. Бұл үшін агроөнеркәсіптік кешен, металлургия, көлік машина жасау, химия, фармацевтика, электроника және құрылыс материалдары басым бағыт ретінде белгіленген.

Тұжырымдаманың негізгі міндеттерінің бірі – шикізатты дайын өнімге дейін жеткізетін толыққанды қосылған құн тізбектерін қалыптастыру. Мысалы, мыс өндірісін кабель, электротехникалық бұйымдар мен компоненттер шығаруға дейін тереңдету, ал ауыл шаруашылығы шикізатын дайын тағам өнімдеріне, ингредиенттер мен жемшөпке айналдыру көзделеді.

Бұл міндеттерді экономиканың жалпы өсімімен қатар жүзеге асыру жоспарланып отыр. Үкіметтің болжамынша, 2027–2029 жылдары Қазақстанның ЖІӨ орта есеппен жылына 5%-дан жоғары өседі. Осы кезеңде өңдеу өнеркәсібінің негізгі драйверлері металлургия, машина жасау, құрылыс материалдары, химия және тамақ өнеркәсібі болады деп күтілуде. Ауыл шаруашылығында да орташа жылдық өсім кемінде 5% деңгейінде болжанып отыр.

Экономикалық өсім сыртқы сауда көрсеткіштерінен де көрінуі тиіс. Үкіметтің болжамынша, тауар экспорты 2027 жылғы 82,8 млрд доллардан 2029 жылы 88,5 млрд долларға дейін, ал импорт 80,5 млрд доллардан 88,4 млрд долларға дейін ұлғаяды.

Алайда бұл көрсеткіштерге қол жеткізу автоматты түрде жүзеге аспайды. Жоспардың орындалуы сыртқы сұранысқа, шикізат бағаларына, инвестициялық белсенділікке, қаржыландырудың қолжетімділігіне және қазақстандық кәсіпорындардың ішкі әрі сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігіне байланысты болады.

Терең өңдеу мен жаңа технология

Қазақстан экономиканы әртараптандыру бағытында алға жылжып келеді. Дегенмен қазіргі көрсеткіштер құрылымдық өзгерістің толық аяқталғанын емес, өңдеу өнеркәсібінің біртіндеп кеңейіп жатқанын көрсетеді. Өндіріс пен экспорт көлемі артқанымен, металдарға, импорттық технологияларға және мемлекеттік қолдауға тәуелділік әлі де сақталған.

Сондықтан келесі кезеңдегі басты міндет – өндіріс көлемін ғана ұлғайту емес, өнімді терең өңдеп, ел ішінде жасалатын қосылған құнды арттыру. Бұл үшін компоненттер өндірісін дамыту, еңбек өнімділігін көтеру, жеке инвестицияларды көбейту және мемлекеттік қолдаусыз да сыртқы нарықта тұрақты жұмыс істей алатын компаниялардың үлесін арттыру маңызды.

Алдағы жылдары экономиканың жекелеген салаларындағы өсімнің тұрақты құрылымдық өзгеріске айналғанын осы көрсеткіштер айқындайды.