Шикізаттан терең өңдеуге: Қазақстанның тау-кен саласын не күтіп тұр

АСТАНА. KAZINFORM - Жаһандық тау-кен өндірісі саласы дамудың шешуші кезеңіне аяқ басты. Стратегиялық маңызы бар минералдар үшін бәсеке күшейіп, технологиялық өзгерістер қарқын алуда, ал инвесторлар, мемлекет пен қоғамның өнімділік пен тұрақты дамуға қатысты талаптары артып келеді. Қазинформ ақпарат агенттігіне саладағы басты тенденциялар мен PwC Mine 2026 жаһандық зерттеуінің басты қорытындылары жөнінде PwC Қазақстан аудит практикасының жетекшісі Бауыржан Бұрханбеков айтып берді.

Фото: Kazinform

- Бүгінгі таңда әлемдік тау-кен өндірісі саласы алдында қандай маңызды мәселелер мен мүмкіндіктер тұр?

- Әлемдік тау-кен өндірісі саласы дамудың маңызды кезеңінде тұр. Минералдық ресурстарға сұраныстың өсуі геосаяси өзгерістермен, технологиялық трансформациямен және тұрақты даму саласындағы талаптардың күшеюімен қатар жүруде. Осы сұранысты қанағаттандыру үшін сала өндіру және өңдеу қуаттарын ұлғайтып, сонымен бірге бизнестің тиімділігі мен орнықтылығын арттыруы қажет.

Бір жыл ішінде саланың ірі ойыншылары тұрақты қаржылық нәтижелер көрсетті: нарықтық капиталдандыру деңгейі бойынша әлемдегі ең ірі 40 тау-кен компаниясының түсімі 3,3% өсіп, 909 млрд АҚШ долларына жетті, EBITDA көрсеткіші 23% ұлғайып, 248 млрд АҚШ долларын құрады, ал таза пайда 120 млрд АҚШ долларына жетті.

Алайда сыртқы ортаның күрделене түсуі жағдайында мұндай нәтижелерді сақтау үшін салалық экожүйенің барлық қатысушысы үш негізгі бағыт бойынша өзара іс-қимылды күшейтуі қажет.
Біріншіден, әрбір мемлекет жобаның ұзақ мерзімді дамуына қолдау көрсетіп, олардың экономикалық тиімділігін қамтамасыз ететін тұрақты реттеуші ортаны және инвестицияларды ынталандыру тетіктерін қалыптастыруы қажет.

Екіншіден, ресурстардың орналасуын геология анықтауына қарамастан көп жағдайда қай жобаның іске асырылатынын және түпкі нәтижеде құнның қай жерде құрылатынын капиталға қолжетімділік белгілейді. Сондықтан тау-кен жобаларының инвестициялық тартымдылығын арттыру — өндіру мен өңдеу көлемін ұлғайтудың аса маңызды шарты.

Үшіншіден, тау-кен компаниялары технологияларды, атап айтқанда цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу арқылы өнімділікті арттыруы қажет. Бұл операциялық тиімділікті көтеріп, басқарушылық шешімдердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

- Осы жаһандық үрдістердің қайсысы Қазақстан үшін барынша өзекті және олар елімізге қандай мүмкіндіктер бере алады?

- Қазақстан ресурстарға бай ел бола отыра біздің зерттеуімізге енген әлемдегі ең ірі 40 тау-кен компаниясының қатарында жоқ. Ресурстардың болуы өздігінен көшбасшылыққа кепілдік бермейді. Мұнда бизнестің ауқымы, капиталға қолжетімділік, шикізатты өңдеу деңгейі және ішкі қосылған құн қалыптастыру қабілеті маңызды.

Сонымен қатар Қазақстанның әлемдік салада болып жатқан өзгерістерді өз пайдасына шешуге мүмкіндігі мол. Еліміздің басымдықтары жақсы белгілі: Қазақстан табиғи ресурстардың қомақты қорына ие, стратегиялық металдардың әлемдік жеткізілімін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады әрі Еуропа мен Азия арасындағы ірі көлік-логистикалық торап саналады.

Бүгінде елде болжамды реттеуші ортаны, инвесторлар үшін тартымды жағдайларды қамтамасыз ету және шикізат өндіруден бастап өңдеу мен логистикаға дейінгі бүкіл қосылған құн тізбегін дамыту айрықша маңызды.

Тағы бір маңызды бағыт — өнімділікті арттыру. Әлемнің жетекші компаниялары өндірістің тиімділігі мен қауіпсіздігін күшейту үшін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні белсенді енгізуде. Біз үшін бұл қолданыстағы активтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жаңа жобаларды іске асыруды жеделдетуге мүмкіндік береді.

- Бүгінде Қазақстанның дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсететін белгілер бар ма?

- Белгілі бір дәрежеде Қазақстан дұрыс бағытта дамып келеді. Мемлекет тау-кен металлургия кешенін белсенді дамытып, ірі инвесторларды тартуда. Нақты нәтижелер қазірдің өзінде байқалады: бюрократиялық рәсімдер жеңілдетіліп, мыс пен сирек металдарды өндіру жөніндегі жаңа жобалар іске қосылуда, сондай-ақ өнімді Қытайға және басқа елдерге экспорттауға арналған теміржол инфрақұрылымы дамып келеді.

Инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау да маңызды. Мәселен, тау-кен металлургия кешеніндегі жобаларды жүзеге асыратын компанияларға бірқатар ынталандыру шарасы қарастырылған. Олардың қатарында инвестициялар туралы және қатты пайдалы қазбаларды өңдеу туралы келісімдер аясындағы салықтық жеңілдіктер, заттай гранттар, сондай-ақ жеңілдетілген инвестициялық келісімшарт шеңберінде импортталатын тауарларға кедендік баж төлеуден босату бар. Осындай қолдау шараларының нәтижесінде бірнеше ірі компания өндірісін кеңейту жоспарын жариялап үлгерді.

Әрине, шешімін күткен мәселелер әлі де бар: логистикалық инфрақұрылымды нығайту, қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту және нормативтік-құқықтық ортаның болжамдылығын қамтамасыз ету қажет. Дегенмен, елеулі ресурстық базаның, білікті кадрлардың болуы және саланы мемлекеттің жүйелі түрде қолдауы болашаққа сеніммен қарауға негіз береді. Қазіргі реформалар бағыты сақталған жағдайда, Қазақстанның әлемдік нарықтағы орнын одан әрі нығайтуға мүмкіндігі мол.

- Жетекші тау-кен өндіруші елдердің тәжірибесіне сүйенсек, сіздің ойыңызша қандай тәсілдер Қазақстанға саланың дамуын жеделдетіп, көбірек инвестиция тартуға көмектесе алар еді?

- Әртүрлі елдердің тәжірибесіне қарасақ, әмбебап тәсілдің жоқ екені анық. Дегенмен, бүгінде ресурстық әлеуетін табысты пайдаланып отырған мемлекеттерге ортақ бірнеше тәсіл бар.
Бірінші маңызды сабақ — елдер тек шикізат өндіруге ғана сенім артудан біртіндеп бас тартып келеді. Зерттеуде қарастырылған Австралия мен Канададан бастап Үндістан мен Бразилияға дейінгі елдердің барлығы дерлік өңдеу, тазарту және қосылған құн тізбегінің басқа да буындарын дамытуға ұмтылуда. Негізгі мақсат — өз ресурстарынан ел ішінде көбірек экономикалық пайда алу.

Екінші маңызды қорытынды — инвестициялар үшін тартымды жағдай қалыптастыру қажеттігі. Мысалы, Австралия, Канада және Ұлыбритания салықтық ынталандыру шараларын, мемлекеттік кепілдіктерді, мамандандырылған қорларды және жобаларды бірлесіп қаржыландыру тетіктерін қатар қолданады. Бұл ретте өндіруді қолдаумен ғана шектелмей, инфрақұрылымды, өңдеуді және технологиялық дамуды қаржыландыруға да басымдық беріледі.

Үшінші тәсіл — нақты мемлекеттік стратегия. Көптеген елдер стратегиялық маңызы бар минералдардың тізбесін және оларды дамытудың ұзақ мерзімді жоспарларын айқындап қойған. Бұл инвесторларға мемлекеттің басымдықтарын жақсырақ түсінуге көмектесіп, инвестициялық шешім қабылдау кезіндегі белгісіздікті азайтады.

Бұл тұрғыда шикізат экспортына шектеу қою және өңдеуді ынталандыру арқылы ішкі өңдеу қуаттарын едәуір арттырып, қосылған құн тізбегінде жоғары сатыға көтерілген Индонезияның тәжірибесі қызығушылық тудырады. Мұндай тәсіл барлық елге бірдей қолайлы болмағанымен, ол дәйекті өнеркәсіптік саясаттың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

- Есепте тау-кен өндірісі саласының жасанды интеллектіні пайдалануға дайындық деңгейі бойынша өзге секторлардан әзірге артта қалып отырғаны атап өтіледі. Қазақстан жасанды интеллектіні енгізуді саланың жедел дамуы мен оның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру мүмкіндігі ретінде пайдалана ала ма?

- Иә, менің ойымша, Қазақстан жасанды интеллектіні енгізуді тау-кен өндірісі саласын жедел дамытуға мүмкіндік беретін маңызды құралдардың бірі ретінде пайдалана алады.

Өңдеу қуаттарын немесе көлік инфрақұрылымын салу көп уақыт пен қомақты инвестицияны қажет етеді. Ал жасанды интеллектіні енгізу айтарлықтай нәтижеге әлдеқайда қысқа мерзімде қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Қазақстан үшін негізгі мүмкіндік жеке жасанды интеллект модельдерін әзірлеуде емес, қолданыстағы шешімдерді негізгі өндірістік үдерістерге жедел енгізуде жатыр.

Атап айтқанда, бұл кен сапасын болжау, тасымалдау бағыттарын оңтайландыру, жабдықтардың істен шығуының алдын алу, энергия тиімділігін арттыру және тау-кен жұмыстарын жоспарлауды автоматтандыру секілді бағыттарды қамтиды. Мұндай технологиялар шығындарды азайтып, өнімділікті арттыруға және өндіріс қауіпсіздігін жақсартуға мүмкіндік береді.