Шілде айындағы инфляция деңгейі - 0,5 пайыз

АЛМАТЫ. 12 тамыз. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - ҚР Статистика агенттігінің ресми деректері бойынша шілде айында инфляция 0,5% деңгейінде қалыптасты. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі хабарлады.

Азық-түлік тауарларының бағасы 0,2%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар - 0,6% және ақылы қызмет көрсету - 0,7%-ға өскен.

Азық-түлік тауарлары нарығында өткен айда жарма 2,4%, оның ішінде бидай 4,4%, қарақұмық жармасы 2,6%-ға айтарлықтай қымбаттады. Ет және ет өнімдерінің бағасы 1,6%, кондитерлік бұйымдардың бағасы 0,8%-ға көтерілді. Жұмыртқа 5%, жеміс пен көкөніс 2,3%, сүт өнімдері 0,3%-ға арзандады.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар тобында бензиннің бағасы 2,6% өсті, дизель отыны 4,2% қымбаттады. Ақылы қызмет көрсету құрылымында тұрғын үй-коммуналдық саланың қызмет көрсетуі үшін ақы 0,8% өсті. Оның ішінде сұйытылған газдың бағасы 4,5%, тасымалданатын газдың бағасы 1,6%, электр энергиясының бағасы 0,8% көтерілді. Көлік қызметі үшін ақы 3,2%, оның ішінде теміржол көлігінің қызметі 2,7%, автомобиль көлігінің қызметі 3,7% өсті. Мектепке дейінгі білім беру қызметі де 1,2% қымбаттады.

Жалпы жыл басынан бері қаңтар-шілде аралығында инфляция 5,6% құрады. Бұл жеті айда инфляция қарқынының жедел өсуіне азық-түлік тауарларының қымбаттауы себепші болды, олардың бағасы осы кезеңде 8,2% өсті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар 3,1% және ақылы қызмет көрсету 4,9%-ға қымбаттады.