Шілде айының басында Н. Назарбаев атындағы Халықаралық университеттің таныстырылымы өтеді - М. Әшімбаев

әуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылғы шілде айының басында елордадағы Н. Назарбаев атындағы Халықаралық университеттің таныстырылымы өтеді.

Бұл туралы «Жастар Қазақстан халқының бірлігі үшін» атты жалпыұлттық форумы барысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылы Н. Назарбаев атындағы Халықаралық университеті ашылады. Бұл оқу орны посткеңестік кеңістіктегі ең алдыңғы қатарлы зияткерлік білім мен ғылым орталығына айналады деп болжануда. Шілде айының басында аталған университеттің таныстырылымы өтеді деп жоспарланып отыр, ал қыркүйек айынан бастап оқу орнында дайындық курстары жүргізіле бастайды», деді М. Әшімбаев.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен салынып жатқан университетте әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінің оқытушылары дәріс оқитын болады. Университет жанынан инженерлік ғылым мектептері, медицина мектебі, мемлекеттік басқару және бизнес мектептері де құрылады деп жоспарланған. Бұлардың барлығы әлемнің алдыңғы қатарлы білім мекемелерімен әріптестік бағытта қызмет ететін болады.