13:08, 18 Маусым 2009
Шілденің 1-інен бастап Астанада электр жарығы үшін төлемақы жаңа ереже бойынша жүзеге асырылады
АСТАНА. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Алдағы шілде айының 1-інен бастап астаналықтар тұтынған электр энергиясы үшін төлемдерді жаңадан енгізіліп отырған дифференциалды тарифтер бойынша жүзеге асыратын болады.
Бұл туралы бүгін қала әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласы әкімінің орынбасары Василий Крылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.В.Крыловтың атап көрсеткеніндей, бүгінде жұртшылық энергия ресурстарының 30 пайызға жуығын тиімсіз пайдаланып отыр. «Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та бірнеше қайтара айтқан болатын. Электр энергиясын тұтыну көлеміне қарай енгізіліп отырған дифференциалды тарифтердің ережесіне сәйкес тұрғындар электр энергиясын белгіленген межеден неғұрлым көп тұтынса, соғұрлым оның бағасы жоғары болады», - дейді ол.Мәселен, электр жарығын тұтынушылар екі санатқа бөлінді ? электрлі пештерді қолданатындар (жеке тұлғалар) және қолданбайтындар. Күнделікті тамақты электр пештерінде дайындайтындар үшін әр отбасы мүшесіне 70 кВт/сағаттан, ал оларды қолданбайтын, яғни орталықтандырылған газ жүйесіне қосылғандар үшін бір адамға 90 кВт/сағат белгіленді. Сонымен қатар, электрлі пештерді қолданушылар тұтынған энергия көлемін белгіленген межеден асырып алмаса, 1 кВт/сағат үшін қосымша құн салығын қоса есептегенде 6,37 теңгеден, ал электр жарығын үнемдемей, шектен асырып алса, әр кВт/сағатына ең жоғары тариф ?7,94 теңге бойынша төлейтін болады. Ал электр плиталарын қолданбайтындар үшін ең төменгі тариф ? 6,14 теңге, ең жоғары тариф 7,94 теңге шегінде белгіленді. Айта кетерлігі, аталмыш тариф түріне қосылғысы келмеген азаматтар 2008 жылғы мамырдың 1-інен бастап қолданысқа енгізілген электр энергиясын тұтынудың тәулік уақыттары бойынша дифференциалды тарифті қолдана алады. Бүгінде бұл тарифті заңды тұлғалар тиімді пайдалануда. Бұл үшін тәулік уақыттарына сәйкес электр энергиясын есептейтін арнайы құралды орнату қажет.Мұнымен қоса, шілденің 1-інен бастап жарықты тұтыну бағасы да қымбаттайтын болады. Тариф қазіргі қолданыстағы 6,04 теңгеден 6,62 теңгеге артады. Әкімдік өкілдері мұны алдағы айдан бастап электр жарығын жеткізушілерден энергияны сатып алу бағасы қымбаттайтынымен түсіндіріп отыр.