Шiлденiң 1-нен көшi-қон заңына енгiзiлген өзгерстер өз күшiне ендi

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Әзiрбайжандар мен украиндар, монғолдар мен грузиндер және өзбектер мен молдовандар. Бұл ұлт өкiлдерi Қазақстанда визасыз жеке тұлғаларға күтушi, құрылысшы, күзетшi және үй қызметкерi ретiнде жұмыс iстей алады. Бiрақ ол үшiн патент рәсiмдеу қажет, деп хабарлады mtrk.kz.

- Шетелден бiздiң елге уақытша көшiп келушiлерге сауалнама өтiнiш, жеке кiрiс салығы бойынша алдын ала төлемдердi төлегендiгi туралы түбiртек, жеке басын куәландыратын құжат керек. Және медиициналық анықтамалар қажет, деп атап өтті СҚО IIД көшi-қон полиция басқармасының аға инспекторы Мәнсия Көшеғұлова.

Айту керек, бұрындары дәрiгерден алынатын анықтаманың керегi болмайтын. Бiрақ ендi ағымдағы жылдың бiрiншi шiлдесiнен бастап бұл құжаттың жасалуы мiндет. Шетелдiктер дәрiгерлiк толық тексерiстен елiмiздiң денсаулықсақтау мекемелерiнде өте алады. Барлық құжаттар дайын болған кезде патент небәрi бiр күн iшiнде рәсiмделедi. Ал оны ұзарту уақыты кемiнде бiр ай iшiнде жүзеге асырылуы қажет. Биыл бұл үрдiске де өзгерiстер енгiзiлген. Мәселен, ендi банк шотында Қазақстанның шекарасынан ары асу үшiн тиiстi соманың керегi жоқ.

- Еңбек шартының көшiрмесi мен алдында берiлген рұқсат қағазы және медициналық сақтандыру қажет. Бұрындары сақтандыру құны қымбат болатын. Сол себептi уақытты ұзарту бiраз қиынға соғатын. Қазiр бұл мәселе қарастырылу үстiнде. Өйткенi оның құны қолжетiмдi болуы керек, - СҚО IIД көшi-қон полициясы басқармасының бөлiм бастығы Ирина Мусина .

Шетелдiктер Қазақстан аумағында тұру уақытын бiр жылға дейiн ғана ұзарта алады. Ал бұл мерзiм аяқталған соң, олар ел шекарасынан кетулерi тиiс. Айту керек, көшi-қон заңнамасын бұзғандарға үлкен сомада айыппұлдар қарастырылған. Мысалы, үй қызметкерiн жалдаған заңды тұлғаға 30-дан 100 айлық есептiк көрсеткiшке дейiн айыппұл салынады. Ал жұмысшы болса елден мәжбүрлi түрде қуылуы тиiс. Олай болмаса 10 күнге түрмеге жабылуы мүмкiн немесе 25 айлық есептiк көрсеткiште айыппұл төлеуi қажет.