Шілденің 15-нен бастап, елімізге сырттан тасымалданатын көліктерге Еуро-2 стандарты енгізіледі ? Көлік және коммуникация министрлігі

АСТАНА. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ағымдағы жылғы шілде айының 15-нен бастап, елімізге сырттан тасымалданатын көліктерге Еуро-2 халықаралық және техникалық стандарттары енгізіледі.

Бүгін Көлік және коммуникация, Қоршаған ортаны қорғау министрліктері мен Кеден комитеті және Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы комитетінің өкілдері бірлесіп, осы мәселе жөнінде журналистермен баспасөз мәслихатын ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Көлік және коммуникация министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және көлік коммуникациялық кешенін дамыту департаментінің директоры Болат Жансүгіровтың айтуынша, бүгінде еліміздегі көліктердің мүмкіндіктері заман талабына сай емес. Өйткені оларды қолдану барысында қоршаған ортаны ластайтын зиянды заттар өте көп тарайды. «Ал оларды шектеп отыратын тиісті заңнамалық құжаттардың болмауына байланысты қазақстандық көлік жүргізушілер өздері сатып алатын көліктің экологиялық жағынан қауіпсіз болуына бас қатыра бермейді. Бұл мәселеде қазір біздің көршілес елдер, соның ішінде Кедендік одаққа енеміз деп отырған әріптес мемлекеттер өздерінде Еуро-2 стандарттарын енгізуді қолға алып үлгерді. Ал Қазақстан олармен салыстырғанда ескі көліктерді тастайтын күл-қоқыстың орнына айналғандай. Халықтың әл-ауқаты артып, әлеуметтік жағдайы түзелген сайын автокөліктер саны жылдан жылға көбейіп, қазір олардың саны 3 миллионға жетті. Ал 80 пайызы - ескірген көліктер. Әрине, көлік жүріп-тұруға, жүк тасымалдауға ыңғайлы-ақ. Дегенмен, біз оның қауіп-қатер тудырушы құрал екенін де ұмытпауымыз қажет», - деді департамент директоры. Оның сөзіне қарағанда, Еуро халықаралық стандарттарын енгізу үшін ел Үкіметі республика аумағында қолданылатын автокөлік құралдарының зиянды заттарының шығындыларына қойылатын талаптар жөнінде арнайы техникалық регламент бекіткен. Аталмыш құжат елімізге Еуро стандарттарын кезең-кезеңімен жүзеге асыруды қарастырады. Оған сәйкес Еуро-2 стандарты ағымдағы жылдың шілде айының 15-нен бастап енгізілетін болса, Еуро-3 - 2011 жылғы қаңтардың 1-нен, ал Еуро-4 2014 жылғы қаңтардың 1-нен басталады. Жанар-жағар майға қатысты Еуро-2 стандарты 2010 жылдың қаңтарынан кешіктірілмей іске қосылуы тиіс. Сондай-ақ Еуро-3 - 2014 жылы, Еуро - 4 2016 жылы енгізіледі. Ұйымдастырушылардың мәліметтеріне қарағанда, еліміздегі 3 мұнай зауытында өндірілетін жанар майдың 60 пайызы Еуро-2 стандартының талаптарына толық жауап береді. Сондай-ақ қолданылып отырған шара елдегі көлік бағасының шарықтауына әсер етпейді.