Шілденің 16-сында Астана қаласында «Ардагерлерді аялайық» акциясы басталады

АСТАНА. Шілдінің 15-і. ҚазАқпарат - Шілденің 16-сында Астана қаласында «Ардагерлерді аялайық» акциясы бастау алғалы отыр, деп хабарлады «Патриот» қоғамдық бірлестігі.

Акцияның мақсаты - тарихқа тағзым, баба аманатына құрмет көрсету арқылы жастарды күннен-күнге арамызда азайып бара жатқан ардагерлерді аялауға шақыру, үй-үйді аралап Отан соғысы ардагерлеріне қолдан келгенше көмектесу (үйді жөндеу, аула алды құрылыстар, шарбақтарды қалпына келтіру және сырлау, тұрғын үйлерге жеңіл жөндеу жүргізу т.б.), сонымен қатар әңгімелерін тыңдап, қағазға түсіріп, естелік жинаққа енгізу.

Аталмыш іс-шараға Астана қаласының «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары штабының белсенді жауынгерлері, «Өрлеу Шыңы» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшелері, «Патриот» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, БАҚ өкілдері және т.б. белсенді жастар ұйымдарының мүшелері қатысады деп күтілуде.

Іс - шара ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен өткізіледі. Акция Астана қаласы Громов көшесі, 13-үйден (Абай көшесінің бойында) бастау алады.