Шілденің 6-17-сі аралығында елімізде тұңғыш рет Халықаралық Математикалық олимпиада өтеді - баспасөз мәслихаты

None
СТАНА. Шілденің 2-сі. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Қазақстан баспасөз клубында 51-Халықаралық Математикалық олимпиаданы өткізуге арналған баспасөз мәслихаты өтті. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі, Халықаралық математикалық олимпиадаға дайындық және оны өткізу жөніндегі Үкіметтік ұйымдастыру комитетінің төрағасы Жансейіт Түймебаев журналистер сұрақтарына жауап берді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен хабарлады.

Шілденің 6-ы мен 17-і аралығында елімізде посткеңестік кеңістік елдері арасында алғаш рет әлем оқушыларының арасындағы ең беделді интеллектуалдық сайыс - Халықаралық Математикалық олимпиада (ХМО) өтеді. Мұндай мәртебеге ие болу - қазақстандық жас математиктердің жетістіктерін халықаралық олимпиадалық комитеттің мойындауы деген сөз. Бұған тағы бір дәлел ретінде өткен жылы жарияланған математикалық білімнің сапасын TIMSS халықаралық салыстырмалы зерттеудің қорытындысы бойынша қазақстандықтар әлем оқушылары арасында 5-ші орынға ие болғандығын айтуға болады.

51-Халықаралық Математикалық олимпиадаға әлемнің 100-ден астам елдері қатысады. ХМО-ның ресми сайтында 102 елдің командасы тіркелген. Барлығы 1200-ден аса адам келеді деп жоспарланып отыр. Олардың қатарында оқушылар, олардың жетекшілері, бақылаушылар, ғалым-математиктер, ХМО бұрынғы жылдарғы жеңімпаздары бар.

ҚР Білім және ғылым министрлігі мектептік білімді дамыту мен дарынды балалардың ғылыми ізденістерін қолдауда барынша жағдай жасап отырады. Жас қазақстандықтар тек соңғы жылдардың өзінде Халықаралық Математикалық олимпиадасына, Балқан математикалық олимпиадасына, Батыс-Қытай математикалық олимпиадасына, «Математика және жобалау» халықаралық математикалық байқауына және басқа да халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысты. Еліміздің жас дарынды математиктері барлығы 62 медаль алса, оның 8-і алтын, 17-сі күміс, 37-сі қола.

Олимпиаданы Қазақстанда өткізу еліміздің әлемдік деңгейдегі имиджінің нығаюына және халықаралық білім-ғылыми байланысты орнатуға септеседі. Олимпиадағы қатысушыларды қарқынды дамып келе жатқан елімізбен және қазақ халқының мәдени бай мұрасымен, салт-дәстүрлерімен таныстыруға тамаша мүмкіндік.

Журналистермен кездесуге Халықаралық математикалық олимпиаданың Консультативтік кеңесінің Төрағасы Йозеф Пеликан (Венгрия) және Консультативтік кеңесінің мүшелері Джон Вебб (ОАР), Мюнг Хван Ким (Корея Республикасы), Ганс Дитрих Кронау (Германия), Бим Беркельманс (Нидерланды), Патрисия Фауринг (Аргентина), Грегор Долинар (Словения) және т.б. қатысты.