Шылым сұрағаны үшін пойыз бастығын өлтірген ақтөбелік сот алдында жауап беріп жатыр

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Сотталушы бұған дейін қарақшылық, ұрлық жасағаны үшін сотталып, жазаланған. Енді кісі өлтіргені үшін сот алдына келді.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 28 жастағы ақтөбелікке айып тағылды. Ол 2019 жылы Қылмыстық кодкекстің 192-бабы 2-бөлігі 4-тармағы бойынша 5 жылға, 2025 жылы Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағы бойынша 3 жыл айға сотталды. Сол жылы Ақтөбе облыстық соты сот алқасының қаулысымен жазасы 3 жылға өзгертілді. Пробациялық бақылауда жүрген жазасын өтеуші биыл тамызда кісі өлтірді деген күдікке ілікті. Іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 9-тармағы бойынша сотқа түсті. 

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— 2025 жылы 6 тамыз күні сағат шамамен 18:00–де жәбірленуші өз әріптестерімен бірге кәсіби мерекесін атап өтеді. Теміржолшылар отырыс кезінде ішімдік ішеді. 7-тамыз күні сағат 03:10 шамасында төртеуі таксиге отырып, қонақүйге келеді. Сол жерге екеуі қалып, екеуі үйіне оралады. Қалған екеуі ішке кірмей, теміржол вокзалы маңындағы аллеяда отырады. Сол кезде аллея маңынан сотталушы өтіп, жәбірленушіден темекі сұрайды. Екеуі алдымен сөз таластырып, кейін төбелеседі. Сол кезде сотталушы жәбірленушінің денесіне бірнеше рет жарақат салып, ол оқиға орнында құлайды. Жәбірленуші ауруханаға жеткізілгенімен есін жимастан көз жұмды,- деп хабарлады мемлекеттік айыптаушы. 

Сот сараптамасының қорытындысына сүйенсек, жәбірленуші көп қан жоғалтқан. Кеуде тұсы тесілген әрі өкпесі мен жүрегі жараланған.

Еске салсақ, жаз айында жолаушылар пойызының Ақтөбе учаскесіндегі бастығын қаланың ескі бөлігінде өлтіріп кетті. Полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктіні бірден ұстады.