Конституциялық сот Алматы қаласы әкімдігінің «Алматы қаласының жекелеген аумақтарына көлік құралдарының кіруін шектеу туралы» 2016 жылғы 8 сәуірдегі № 2/122 қаулысының 1-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексерді.
Аталған тармақта «Шымбұлақ» шатқалының ерекше қорғалатын табиғи аймағының аумағына электр қозғалтқышындағы (электромобиль) көлік құралдарынан басқа көлік құралдарының кіруіне шектеу қойылады.
Өтініштің мән-жайы
Тексеруге Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің құрамына кіретін, бірақ аумақтық жағынан Алматы қаласының шегінде орналасқан «Тұйықсу» шатқалында тұратын азаматтың өтініші негізі болды.
Осы шатқал тұрғындары өз үйіне Медеу-Шымбұлақ автомобиль жолымен «Шымбұлақ» шатқалы арқылы («Медеу» өңірлік табиғи паркінің құрамына кіреді) жете алады. Алайда «Тұйықсу» шатқалына асфальт төселген жолдың болмауы жүруді қиындатады. Өтініш берушінің пікірінше, әкімдік қаулысы осы жерде көлікті пайдаланудың ерекшелігін ескермей, өз үйіне жетуін және еркін жүріп-тұру құқығын шектеп қойды.
Конституциялық соттың ұстанымы
Конституциялық сот өзiнiң қорытынды шешiмiнде мемлекет құқықтар мен бостандықтарға құқықтық шектеудi белгiлей отырып, адам құқықтары мен бостандығы, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтары, жария мүдделер арасында әдiл теңгерiмдi қамтамасыз етуге тиiс деп атап өттi. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы құқықтық режимдер, сол сияқты экологиялық талаптар табиғи аумақтарды қорғау және сақтау жөнiндегi iс-шаралар кешенiн жүргiзудi көздейдi.
Әртүрлi қызмет үшін тыйым салулар мен шектеулерді белгiлеу, егер бұл конституциялық маңызды мақсатқа – адамның өмiр сүруі мен денсаулығы үшiн ажырамас және бөлінбейтін игілік ретінде қолайлы қоршаған ортаны қорғауға қол жеткiзу үшiн қажет болса, олар осындай шараларға жатқызылуы мүмкiн. Мұндай шектеулер мен тыйым салулар қатаң түрде тек заңға сәйкес мемлекеттік органдардың құзыреті шегінде және Конституция талаптарын, 39-бабының 1-тармағына сәйкес жол берілу жағдайларын қоса алғанда, сақтай отырып белгіленуі мүмкін.
Тексеру нәтижесі бойынша Конституциялық сот дау айтылып отырған қаулыны қабылдау Алматы қаласы әкімдігінің өкілеттігіне жатпайтынын анықтады. Экологиялық кодексте көлік құралдарының кіруін шектеу және тиісті нормативтік құқықтық актіні шығару жөніндегі өкілеттіктер облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті өкілді органының (мәслихаттың) құзыретіне кіреді. Сонымен қатар заң деңгейінде әкімдіктің қоршаған табиғи ортаны қорғау мәселелеріне байланысты қоршаған ортаны қорғау саласындағы және жол жүрісі саласындағы құзыреті туралы жекелеген нормалар бекітілген. Мәселен, «Жол жүрісі туралы» Заңның 17-бабы 2-тармағы 8) тармақшасының үшінші абзацына сәйкес атқарушы органдары өз құзыреті және өңір шегінде қаланың жекелеген аумақтарына көлік құралдарының кіруіне түрлі шектеулер енгізу, оның ішінде жол жүрісін реттеудің техникалық құралдары (жол белгілері, жол таңбалары) арқылы жол жүрісін ұйымдастырудың арнайы аймақтарын белгілеуге құқылы.
Осыған байланысты Конституциялық сот ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда көлiк құралдарының қозғалысын шектеу конституциялық маңызды мақсатты – қоршаған ортаны қорғауды және экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудi көздеуi мүмкiн деп атап өттi. Алайда мұндай мақсат болғанның өзінде де шектеу өзі әсер ететін адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін ескеруге және оларға шамадан тыс ауыртпалық түсірмеуге тиіс.
Конституциялық соттың қорытындысы
Тексеру нәтижелері бойынша Конституциялық сот Алматы қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 8 сәуірдегі № 2/122 қаулысының 1-тармағын Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды.
КС нормативтік қаулысының толық мәтінімен сілтеме бойынша танысуға болады.
Айта кетейік, былтыр Қазақстанда экотуристер саны 3,6 миллионнан асқан. Әйтсе де, ұлттық парктерді дамыту мен инвестор тарту қарқыны әлі де төмен. Премьер-министр Олжас Бектенов Туризм және экология министрліктеріне, сондай-ақ әкімдіктерге бір айда экотуризмді дамытуға арналған нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.