Шымкент әкімдігі Еңбек мобильдігі орталығы директорының қамауға алынғанын растады

АСТАНА. KAZINFORM – Шымкент қаласының Еңбек мобильдігі орталығының директоры сыбайлас жемқорлық әрекет жасады деген күдікпен тергеліп жатыр. Ақпаратты Шымкент қаласының әкімдігі растады.  

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«2024 жылғы 22 қаңтарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Еңбек мобильдігі орталығының директоры Ш.Әсетке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқандығын хабарлады. Әзірге бізде бар ақпарат осы», - делінген Kazinform ақпарат агенттігі жолдаған ресми сауал жауабында.

Сондай-ақ, сауал жауабында тергеу барысына қатысты өзгеде ақпараттар ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сай жарияланбайтындығы айтылған.

Еске сала кетейік, биыл 15 қаңтарда Шымкентте жұмыспен қамтуға жауапты орталықтың басшысы қамауға алынғаны туралы хабарлаған едік.