ШЫМКЕНТ. KAZINFORM- Шымкент әкімдігінің бұрынғы басқарма басшысы 3,5 жылға сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин мәлімдеді.
«Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Шымкент қаласы бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Мұхтар Қоқанбаевты лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танып, оған 3,5 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады», деп жазды Дәурен Ерғарин Facebook парақшасында.
Айта кетейік, мегаполистің әлеуметтік маңызы бар бағыттары бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялауға жәрдемдескені үшін ЖШС өкілінен 13 млн теңге алу кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұстаған М. Қоқанбаевты бірінші сатыдағы сот ақтаған болатын.
Қайрат Зайнишев
Шымкенттегі М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ түлегі. Еңбек жолын «Ақиқат-Истина» газетінде тілші болып бастады. Кейіннен «Шымкент келбеті», «Оңтүстік Қазақстан» газеті мен «Ernur.kz» сайтында тілші, «Кентау шұғыласы» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды. Республикалық «Экспресс К» сайтының Түркістан облысындағы тілшісі болды. 2021 жылдан бастап «Kazinform» агенттігінің Түркістан облысындағы тілшісі қызметін атқаруда.