Шымкент әкімдігінің ресми өкілі тегін балмұздақ таратып, қамалған кәсіпкерге қатысты пікір білдірді
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Сәрсен Құранбектің айтуынша, балмұздақты лақтырып таратқан кәсіпкер қоғам мен тағамға құрметсіздік көрсеткен.
– Ешқандай нәрсені тегін таратуға болмайды. Президентіміз «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстану керектігін нақты айтты. Біз де осыны басшылыққа алуымыз керек. Құқық қорғау органдары бұл оқиғаны толық зерттеп, ұсақ бұзақылық ретінде бағалады. Соның нәтижесінде кәсіпкер 5 тәулікке қамалып, айыппұл төлейтін болды, – деді Сәрсен Құранбек.
Сонымен қатар әкім орынбасары құқық қорғау органдарының шешімін дұрыс деп бағалайтынын жеткізді. Сондай-ақ, ол ұсақ бұзақылықтың да жазасыз қалмайтынын ескертті.
– Ұсақ бұзақылыққа барған адам ең аз дегенде 5 күнге қамалуы мүмкін, тіпті көбірек болуы да ықтимал. Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттерді жіті бақылап отыр. Егер құрбандық шалынса, ол тиісті мекенжайларға жеткізіліп, лайықты түрде таратылуы керек. Ал итке сүйек лақтырғандай әрекетке барған адам заң алдында жауапкершілікке тартылады, – деді ол.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте тегін балмұздақ таратқан кәсіпкер қамауға алынған болатын. Оқиға 1 маусым күні Тұран-2 шағынауданындағы «Жаңалық» супермаркетінің жанында болды.