Қадағалау органының мәліметінше, шетел азаматтары салмағы 2,8 келіге жуық бағалы металды кедендік бақылаудан жасырын өткізуді көздеген.
Олар алтынның бөлшектерін шабадандардың ішкі астарына және жүк қаптамаларына жағып, кедендік тексеруден жасырмақ болған.
– Сот үкімі шыққанға дейін құны 227,8 млн теңгені құрайтын 2,8 келіге жуық алтын мемлекет пайдасына тәркіленді. Бұл шешім Бас көлік прокуратурасының өтінішхаттары негізінде қабылданды, – деп хабарлады прокуратура.
Қазіргі уақытта күдіктілерге халықаралық іздеу жарияланды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы әуежайында Антальяға 3,1 келі алтын құймасын заңсыз алып өтпек болғандар сотталған еді. Құны 68 млн теңге болатын алтын мемлекет кірісіне айналдырылған.