Threads пен Instagram желілерінде жарияланған кадрлардан саябақтағы зақымданған қылқан жапырақты ағаштар анық көрінеді.
Жарияланым әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Пікірлерде шымкенттіктер дабыл қағып, жауапты қызметтердің жұмысын сынға алды. Олар мегаполистің басты жасыл аймағы біртіндеп бұрынғы келбетін жоғалтып бара жатқанын атап өтті.
— Бұл кадрларды көргенде жүрек қан жылайды. Дендропарк — Шымкенттің сәні еді, ал қазір қурап барады. Дер кезінде шара қолданылмаса, ұзақ жылдар бойы құрылған ерекше орман алқабынан айырылып қалуымыз әбден мүмкін, — дейді қала тұрғыны.
Қаланың жанашырлары үкіметтен жасыл фондтың бақылауын күшейтіп, суару жұмыстарын жіті тексеруді талап етіп отыр.
Шымкенттің жайлы ортаны дамыту басқармасы қылқан жапырақты ағаштардың қурауын көктемгі үсікпен байланыстырды.
— Наурыз айында ауа температурасының -14°C-қа күрт төмендеуі тіркелген. Ауа райының тосын құбылуы қылқан жапырақты ағаштардың күйіне кері әсерін тигізді. Үсік салдарынан өсімдік жасушалары бұзылып, фотосинтез процесі баяулады, соның кесірінен қылқандар сарғая бастады, — деп хабарлады басқармадағылар.
Жауапты басқарма өкілдері қазір дендросаябақтағы жасыл желекті сақтап қалу үшін шұғыл шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.
— Қазір арнайы мамандар орманды қалпына келтіру жұмыстарын жүзеге асырып жатыр. Өсімдіктердің жағдайын жақсартып, сапасын арттыру мақсатында «Циркон», «Bona Forte» және «Эдагум» атты тыңайтқыштар қолданылады, — деп баяндады басқарма мамандары.
Шымкенттегі дендросаябақтың жай-күйі бұған дейін де бірнеше рет қоғам талқысына түскен. Бұған дейін саябақ аумағында кітапхана мен шахмат клубын салу жоспары жұртшылық арасында қызу пікірталас тудырған еді. Сол кезде әкімдік өкілдері бірде-бір ағаш кесілмейтінін, ал жаңа нысандар аумақты коммерцияландыру үшін емес, келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында салынатынын мәлімдеген болатын.
Дендросаябақтағы жасыл желектің тозуына адамдардың көптеп келуі, жаппай пикник жасау, серуендеу әрекеттері себеп болды.
Сондай-ақ, қаланың ең әйгілі саябағында бейнебақылау жүйесінің нашар жұмыс істейтіні белгілі болды: мұндағы 60 камераның тек 20 ғана іске жарамды екен.
Еске салайық, Шымкент дендросаябағы 1979 жылы бұрынғы қоқыс полигонының орнында құрылған. Өзінің гүлденген кезеңінде саябақ аумағы 151 гектарды алып, онда 500 мыңнан астам ағаш пен сирек әрі экзотикалық түрлерді қоса алғанда мыңнан аса бұта түрі болған.
Соңғы жылдардағы құрғақшылық пен су тапшылығынан саябақтың биологиялық әртүрлілігі 2,5 есеге қысқарды. Үш жыл бойы дұрыс суарылмағандықтан 8 мыңға жуық ағаш қурап қалды. Мәселе Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшелерінде көлік торабын салу кезіндегі су құбырларының зақымдануынан кейін басталған.
2005 жылы жеке меншікке заңсыз өтіп кеткен дендропарктің 28 сотық жері 2024 жылы мемлекет меншігіне сәтті қайтарылды.
Бүгінде Шымкенттегі дендросаябақта 330-ға жуық ағаш пен бұтақ түрлері бар.