Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс сотқа жолданды

Фото: Руслан Берденов /Facebook

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Алдын ала тыңдау 28 шілдеге белгіленді, деп жазды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық бойынша қылмыстық іс қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданды.

Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, айыпталушы Ернар Жиенбай екі бірдей бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр.

— Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Жиенбайға қатысты қылмыстық іс келіп түсті. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі («Қылмысқа дайындалу және қылмыс жасауға оқталу») және 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша айыпталып отыр, — делінген соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Алдын ала тыңдау 28 шілде күні сағат 10:00-де өтеді.

Бұған дейін Kazinform агенттігі Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша тергеу аяқталғанын хабарлаған болатын.

Еске салайық, 21 сәуір күні Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының маңында әкімнің орынбасары жарақат алған. Ол дереу ауруханаға жеткізіліп, ота жасалған. Екі аптадан кейін Берденов ауруханадан шыққан.

Күдікті Ернар Жиенбай, бұрын «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директорының міндетін атқарған, оқиға орнында ұсталды. Сол күні сот оған қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.

Қылмыстық іс екі бап бойынша қозғалды.

Шымкент қаласы әкімдігінің ресми жауабына сәйкес, қазіргі уақытта Руслан Берденов қызметіне оралмаған, еңбек демалысында.

Оның орнына уақытша міндетін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов атқарып жатыр.