Шымкент қаласы әкімінің орынбасарына шабуыл жасауға не себеп болды – полицияның жауабы

Фото: Фото: Polisia.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қарулы шабуылға қатысты тергеу амалдары жалғасып отыр.  

Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде қылмыстың жеке себептері туралы расталмаған нұсқалар тарай бастады, оның ішінде күдіктінің әйеліне қысым көрсету де болды. Алайда Шымкент қалалық полиция департаментінде бұл қауесетті жоққа шығарды.

- БАҚ пен әлеуметтік желілерде әкімнің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуылға шабуылшының әйеліне жасалған қысым себеп болды деген жалған ақпарат тарап жатыр. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдейміз, - деп хабарлады Шымкент қалалық полиция департаменті.

Бұл жағдайға қалалық ішкі саясат және жастар ісі бөлімінің басшысы Әйгерім Жұмағұлова да түсінік берді. Ол күдіктінің әйелі Берденовпен таныс емес екенін атап өтті.

- Полиция бөлімінде ұсталған адамның әйелімен сөйлестім. Айғақ беруге келген әйел Берденовті танымайтынын айтты. Ондай жағдайда қандай қысым көрсету туралы айтуға болады? Тергеу қорытындысы шыққанша, сот үкім шығарғанша сізге үзілді-кесілді айып тағуға кім құқық берді?! Сексуалдық қысым көрсету нұсқасын айтып қана қоймай, күдіктіні ақтайтын (сот шешімі шыққанға дейін ол осы мәртебеде қалады), тергеусіз сотты ақтайтын адамдарды түсінбеймін», - деді Жұмағұлова.

Ол БАҚ өкілдерін, блогерлер мен құқық қорғаушыларды заңды бұзбауға және жалған ақпарат жарияламауға шақырды.

- БАҚ, блогерлер, құқық қорғаушылар — Қазақстан Республикасының заңдарын есте сақтаңыздар. Күдіктінің, оның жұбайының жеке деректерінің, олардың әлеуметтік желідегі парақшалары мен фотосуреттерінің жариялануы, тексерілмеген мәліметтердің факт ретінде көрсетілуі – мұның бәріне ең алдымен медиа заңгерлер баға береді деп ойлаймын. Мен сондай-ақ екі отбасының балаларын ойлауға шақырамын. Жеке деректерді жариялау арқылы сіз олардың болашағына қауіп төндіресіз. Ақпаратты тексермей, біреуді сексуалды қысым көрсетті деп айыптамас бұрын екі жанұяға келтірген азап туралы бір сәт ойланыңыз. Мүмкін тоқтайтын кез келді, - деп жазды ол. 

Еске сала кетсек, Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны туралы жазған болатынбыз. 

Журналист, белгілі кәсіпкер Бейбіт Әлібеков болған жағдайды қаладағы құрылыс саласында тәртіп орнатумен байланысты болуы мүмкін екенін атап өтті.