Шымкентте аудан әкімінің бұрынғы орынбасары сотталды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Шымкент қаласы аудан әкімінің бұрынғы орынбасары сотталды . Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бастамасымен алдын алу мақсатында сот органдарымен өзара келісімге қол жеткізу арқылы жемқорлық бойынша айыпталған мемлекеттік қызметшілердің ұжымдары сот отырыстарына қатысады.

Фото: Видеодан кадр/Антикор

«Осы жылдың 1 сәуірінде Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сотталғандардың бұрынғы әріптестерінің қатысуымен Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Е.Тіленшинге, осы әкімдіктің бас маманы А. Балқыбековке, сондай-ақ мердігер ұйымның өкілі А.Манатқа қатысты үкім жариялады. Аталған адамдарға тиісінше 11, 10 және 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарламасында.

Агенттік мәліметінше, олар алдын ала сөз байласып, мегаполисті абаттандыру жөніндегі жұмыстарды орындау кезінде пара алған. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарт шеңберінде, сондай-ақ зираттарды күтіп ұстауға бөлінген 28 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қамқоршылық жасағаны үшін кәсіпкерден 60 млн теңге мөлшерінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

Сондай-ақ, сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.