Жұмыс кездесуі Энергетика министрлігінің, КПО, PSA, IMBC өкілдерінің, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен Шымкент қаласының бизнес-қоғамдастығының қатысуымен өтті.
Кездесу барысында Қарашығанақ жобасының өкілдері жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарларын таныстырды. Сондай-ақ отандық тауар өндірушілерден қазақстандық өнім сатып алуды кеңейту мүмкіндіктері қарастырылды.
Іс-шараға қатысушылар Шымкенттегі бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарға барды. Атап айтқанда, «Karlskrona LC AB», «Asia Trafo» және «Renaissance SHIK» ЖШС-ларының өндірістік мүмкіндіктері мен шығаратын өнімдері таныстырылды.
Кездесудің негізгі бөлігі отандық тауар өндірушілер өнімдерінің көрмесі мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың қатысуымен өткен дөңгелек үстелге арналды.
Жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Каримов пен Энергетика министрлігі Жер қойнауын пайдалану департаментінің Жобалық құжаттар басқармасының басшысы Бағлан Сембекова қатысты.
-Энергетика министрлігі үшін жергілікті қамтуды дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Біздің міндетіміз – отандық өндірушілерден сатып алу үлесін арттыру ғана емес, қазақстандық бизнестің тұрақты дамуына, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және ірі мұнай-газ жобаларының жеткізу тізбектеріне интеграциялануына жағдай жасау, – деді Бағлан Сембекова.
Мемлекеттік саясат аясында отандық өндірушілердің ірі мұнай-газ жобалары бойынша сатып алуларға қатысуын кеңейтуге бағытталған бірқатар шара жүзеге асырылып жатыр.
Атап айтқанда, тендерлік рәсімдер жетілдіріліп, отандық тауар өндірушілерді қолдаудың қосымша тетіктері енгізілу үстінде. Сонымен қатар жергілікті жеткізушілерді дамытудың бес жылдық бағдарламасы іске асырылып жатыр.
Бұл ретте отандық өнімге тұрақты сұраныс қалыптастыруға, жергілікті өндірілетін тауарлардың номенклатурасын кеңейтуге және қазақстандық кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктерін дамытуға басымдық беріліп отыр.
Сондай-ақ кәсіпорындардың ірі операторлардың талаптарына сәйкестігін арттыруға ерекше мән берілуде.
Кездесуде ұзақ мерзімді және оффтейк-келісімшарттардың маңызы атап өтілді. Мұндай тетіктер отандық кәсіпорындарға болашақтағы сұранысты нақты жоспарлауға, инвестиция салуға, өндірісті жаңғыртуға және өндірістік қуаттарды арттыруға мүмкіндік береді.
Жергілікті қамтуды дамыту жұмыстары Энергетика министрлігі, PSA, ірі операторлар, IMBC және жер қойнауын пайдаланушылардың өзара іс-қимылы арқылы жүзеге асырылып жатыр.
Осы жұмыс аясында жобалардың қажеттіліктері талданып, сұранысқа ие тауар топтары мен өндірісті оқшаулаудың перспективалы бағыттары айқындалады.
Кездесу қорытындысы бойынша мемлекет, жер қойнауын пайдаланушылар, операторлар мен отандық өндірушілер арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту қажеттігі атап өтілді.
Бұл тәсіл қазақстандық бизнестің мұнай-газ жобалары бойынша сатып алуларға қатысуын кеңейтіп, ел ішінде ұзақ мерзімді өндірістік тізбектерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Осыған дейін Қарашығанақта жаңа бұрғылау қондырғысы іске қосылғаны туралы жаздық.