Шымкент көшелерінде қараусыз жүрген жылқылар тұрғындардың наразылығын тудырды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент көшелерінде үйір жылқы еркін жайылып жүр.

Видеодан алынған кадр

Тұрғындардың айтуынша, жылқылар көше бойындағы көгалдар мен көшеттерді бүлдіріп, көлік қозғалысына кедергі келтірген. Олардың сөзінше, бұл жағдай жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге де қауіп төндіреді. 

— Тұран шағынауданы жылқының жайылымына айналып барады. Қазірдің өзінде көшеде 50 шақты жылқы жүр. Балаларымызға алаңдаймыз. Еккен көшеттер мен газондар не болды? Бұл жылқылардың иесі жоқ па? Қала орталығында төрт түліктің еркін жайылып, ортақ мүлікке зиян келтіруіне және көліктердің қозғалысына кедергі келтіруіне жол беруге бола ма? — дейді қала тұрғыны.

Қаратау ауданы әкімдігінің мәліметінше, аталған жағдай бойынша жауапты мамандар жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, жедел шара қабылдаған.

— Тұран-2 шағынауданы, Алатау Батыр көшесінің бойында қараусыз жүрген жылқыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды. Сондай-ақ мал иесіне заң талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мәселе бақылауда, — деп хабарлады ведомство.

Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнама талаптарын сақтамағаны үшін биылғы жылдың 8 айында 134 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға жалпы 1 млн 946 мың 250 теңге айыппұл салынған.

Бұған дейін Павлодар облысында төрт түлікті бақылаусыз қалдырған 1300-ден астам тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын жазған едік.