Шымкент көшелеріндегі ашық құдықтар тұрғындарды алаңдатып отыр
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Қала көшелеріндегі кәріз құдықтарын жол жөндеген мердігер бүлдіріп кеткен.
Тұран шағынауданындағы Ойқараған көшесінде жағдай өте күрделі. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұндағы құдықтардың 80 пайызы ашық, кейбірі қиыршық таспен толтырылған, ал кейбірі асфальтпен жабылып кеткен. Мұның себебі — ұрлық емес, керісінше жеке мердігер компания жүргізген жол жөндеу жұмыстарының әсерінен болған.
— Екі ай бұрын мердігер жаңа асфальт төседі, алайда бұрыннан бар кәріз жүйесін ескермеді. Соның салдарынан құдықтар бұзылып, қақпақтар алынып тасталды, ал кейбір коммуникациялар асфальт астында қалды, — дейді наразы тұрғындар.
Халықтың алаңдауы да бекер емес. Кейбір үйлер жүйеге қосылған. Сондықтан ағын сулар құбырларға ағып, толып кету қаупін төндіріп тұр. Сондай-ақ, мұндағы көпшілік ашық құдықтарға балалар не көліктер түсіп кетуі мүмкін деп қауіптенеді. Жағдайды ушықтырып отырған тағы бір мәселе — төңірекке жайылып кеткен жағымсыз иіс. Халық барынша қауіпсіздік шараларын жасап, құдықтарды көлік дөңгелектерімен, тақтайлармен, ескі есіктермен жауып жатыр.
Қалалық су және кәріз басқармасы да мәселе бір ғана көшемен шектелмейтінін растап отыр. Жуырда асфальт төселген барлық учаскелерде құдықтар зақымдалған немесе асфальтпен жабылып қалған.
— Мердігерлер қақпақтарды сындырып, люктерді ысырып, құдықтарды көміп жатыр. Құлап кету қаупі өте жоғары. Мұның соңы қайғылы оқиғаға ұласуы мүмкін деп қатты алаңдап отырмыз, — дейді басқарма басшысы Бағдат Байболов.
Оның айтуынша, жол жөндеу кезінде мемлекеттік мүлікке келтірілген залалды мердігер ұйымдар өтеуге міндетті. Жыл басынан бері 100-ден астам құдық бүлінген. Шымкентте шамамен 5 000 шақырымдық су және кәріз желілері бар және кәріз жүргізіліп, артынан асфальт төселген барлық көшелерде құдықтар зақымданған.
Сондай-ақ, қаңтар айынан бері қалада 100-ге жуық қақпақ ұрланған. Полицияға арыздар түскенімен, әзірге олардың бірде-бірі табылған жоқ.
Әрбір қақпақтың орташа құны — 20 мың теңге. Тек былтырдың өзінде құдықтарды қалпына келтіруге шамамен 20 миллион теңге жұмсалған. Заң бойынша мердігерлер келтірілген зиянды өтеуі тиіс, бірақ бұл талап әрдайым орындала бермейді.
Өз кезегінде Тұран шағынауданында жұмыс жүргізген мердігер компания өкілдері жобаның әлі аяқталмағанын және зақымданған барлық учаскелер қалпына келтірілетінін мәлімдеді.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте шұңқырдан 7 жастағы баланың денесі табылғанын жазған болатынбыз.