Шымкент мәслихатының жаңа төрағасы сайланды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Мұрат Жолдыхожаев Шымкент мәслихатының төрағасы болып сайланды.

Фото: Шымкент мәслихаты

Шымкент мәслихатының кезектен тыс XXXVII сессиясында мәслихат төрағасын сайлау мәселесі қаралды.

Сессия барысында Шымкент мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетовтің Қазақстан Республикасының Құрылтайына ӘDІLET партиясынан кандидат ретінде тіркелуіне байланысты өз өтініші негізінде қызметінен босатылды. 

Депутаттардың ашық дауыс беру қорытындысы бойынша Шымкент мәслихатының төрағасы болып Мұрат Жолдыхожаев сайланды.

Ол 1987 жылы 19 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы Бадам ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. 2006-2013 жылдары «Дарын» колледжінде және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын 2013 жылы жеке кәсіпкерлік саласынан бастаған. Әр жылдары Түркістан облысы Ордабасы аудандық мәслихатының VI шақырылым, Шымкент мәслихатының VII және VIII шақырылым депутаты болып сайланды. 

2024-2025 жылдары AMANAT партиясы Шымкент филиалының атқарушы хатшысы, 2025-2026 жылдары аталған филиалдың төрағасы болды. 2026 жылғы шілдеден бастап ӘDІLET партиясы Шымкент филиалының басшысы болып қызмет атқарады. 

Сонымен қатар қоғамдық ұйымдарда да бірқатар жауапты лауазымдарда еңбек етті. 2015-2022 жылдары Ұлттық жекпе-жек федерациясының президенті, Қазақстан Республикасының Джиу-джитсу ұлттық федерациясының вице-президенті, AMANAT партиясы жанындағы Жастар кеңесінің төрағасы болды. 2024 жылдан бастап Шымкент ауыр атлетика федерациясының президенті, 2025 жылдан бастап ҚР ауыр атлетика федерациясының вице-президенті қызметтерін атқарып келеді.

Бұған дейін Атырау облысының әкімі болған Болат Ақшолақовқа қанша депутат дауыс бергені туралы жазған едік.