Ролик авторы өзенді жақын маңда орналасқан сауда ойын-сауық орталығы ластауы мүмкін деп күдік келтіріп отыр.
Shymkent Plaza сауда ойын-сауық орталығының әкімшілігі өзіне тағылған айыппен келіспейді. Олар өздерінен шығатын судың орталықтандырылған қалалық кәріз желісіне жіберілетінін айтады.
-Біз халықтың алаңдаушылығын жақсы түсініп отырмыз. Алайда біз қолданатын су арнайы құрылғылардың көмегімен тазартылады. Сондай-ақ «Shymkent Plaza» сауда ойын-сауық орталығынан шығатын шаруашылық, өндірістік мақсаттағы судың тек қалалық орталықтандырылған кәріз жүйесіне ғана жіберілетінін мәлімдейміз. Сол себепті біздің тараптан лас суды Қошқарат өзеніне жіберіп жатыр деген ақпарат шындыққа сәйкеспейді,-деп мәлімдеді «Shymkent Plaza» орталығының өкілдері.
Қалалық ортаны дамыту басқармасы мәселенің бақылауға алынып, тиісті шаралар қолданылатынын айтты. Ал экология департаментінің өкілдері мамандар оқиға орнына барған кезде құбырдан өзенге су жіберу фактісі анықталмағанын айтты.
Жалпы, бұл Қошқарата өзеніне лас судың араласып жатқаны жөнінде әлеуметтік желіге тараған алғашқы хабар емес. Осыған дейін тұрғындар судың қызыл түске боялғаны туралы хабарлаған.
Осыған дейін Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны туралы жазған едік.