Шымкент тұрғындарының 99 пайызы коммуналдық қызметпен қамтамасыз етілді

АСТАНА. KAZINFORM — Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қаладағы инженерлік инфрақұрылымның жаңартылуы мен тұрғындарды коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету мәселелерін баяндады.

Фото: Kazinform

— Биыл Қызылжар-2, Ақжайық, Тұран шағын аудандарында 11 мыңға жуық тұрғын таза ауыз сумен қамтылды. Демеушілер есебінен Текесу және Айкөл елді мекендеріне тартылған 32 шақырым су құбыры арқылы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылдық, — деді әкім.

Сондай-ақ Қызылжар-2, Ақжайық, Азат, Тұран және Құрсай аудандарындағы 13 мыңға жуық тұрғын сапалы электр энергиясын пайдаланып отыр. 2019 жылдан бері құрылыс жұмыстары созылған «Ақжар» қосалқы станциясы пайдалануға берілді. 

— Өңірдегі электр энергиясы тапшылығын азайту мақсатында «Қазығұрт» қосалқы станциясының қуаттылығын арттырдық, 40 мыңға жуық тұрғын мен өндіріс орындарын үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалды, — деді Ғабит Сыздықбеков.

Газбен қамту да күшейтілген. Атап айтқанда Жұлдыз, Жалын, Қарабастау, Қызылжар-2, Достық, Алтынтөбе, Тассай және Тұран аудандарында 25 мыңға жуық тұрғын табиғи газбен қамтамасыз етілді.

— Газ жүйелеріндегі ақауларды анықтайтын «Пергам» жылжымалы қондырғысы арқылы 107 шақырым құбырдан 67 ақау түзетілді, — деді қала әкімі.

Нәтижесінде, қала тұрғындарының 99,9 пайызы ауыз сумен, 100 пайызы электр энергиясымен және 98 пайызы табиғи газбен қамтылды.

Сонымен қатар қала әкімінің айтуынша, инвестицияларды тарту және өндіріс орындарын дамыту үшін инженерлік жүйелердің қуаттылығын арттыру қажет. 

— Президентіміздің «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясы есебінен 26 млрд теңгеге «Қызылсу» қосалқы станциясын салу жоспарланып отыр, — деді Ғабит Сыздықбеков.

Тұрғындарға қолайлы орта құрумен бірге, қала қауіпсіздігі үшін түнгі жарықтандыру да маңызды. 2023 жылға дейін қаладағы 6 714 көшенің 2 028 көше жарықтандырылған, ал соңғы екі жылда бұл көрсеткіш 40 есеге ұлғайып, 4 686 көше жарықтандырылды.

— Жыл соңына дейін қала көшелері толық — 100 пайыз — жарықтандырылатын болады, — деп хабарлады қала әкімі.

Бұған дейін Шардара су қоймасында су деңгейінің төмендеуінен қалада ауыз су тапшылығы туындағанын жазғанбыз.