Шымкент тұрғыны сапасыз онлайн-курсқа төлеген ақшасын қайтарып алды

Фото: pixabay

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент тұрғыны 195 мың теңгеге онлайн-курс сатып алғаннан кейін, оның сапасы кәсіби деңгейге сай келмегендіктен өз құқығын қорғады. Бұл туралы қалалық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті хабарлады.

Тұрғынның айтуынша, курстың мазмұны үстірт болған. Видеосабақтардың көпшілігі 20-30 минутқа ғана созылып, материалды жеткілікті терең әрі жүйелі түсіндіруге мүмкіндік бермеген. Әр тақырып бір ғана мысалмен шектелген, балама тәсілдер мен толық талдау болмаған.

Монтажға арналған бөлімде кәсіби түсініктемелер, бағдарламаларды таңдау, монтаж логикасы және сахна құру қағидалары жөнінде ақпарат берілмеген. Кейбір модульдерде автор білім беру орнына жеке оқиғалар айтып, кездейсоқ кадрлар көрсеткен. Жалпы, материал кәсіби оқыту форматына емес, TikTok немесе Instagram бейнежазбаларына ұқсас болған.

Пайдаланушы мәселені ұйыммен шешуге тырысқанымен, екі күн ішінде уәде етілген жазбаша жауап болмаған. Қайта хабарласқанда компания өкілі дауласып, курстың қолжетімділігі берілгенін алға тартып, ақшаны қайтарудан бас тартқан.

Осыдан кейін азамат Шымкент қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді. Нәтижесінде тиісті жұмыс жүргізіліп, орындаушыға түсініктеме беріліп, тұтынушының құқығы заңда белгіленген тәртіппен қорғалды.

Департамент онлайн-қызметтерді сатып алғанда тұтынушының көрсетілген сипаттамаға сай сапалы өнім алуға құқығы бар екенін еске салады. Қызмет сапасыз болған жағдайда тұтынушы құқығын қорғау үшін тиісті органдарға жүгіне алады.

Айта кетейік, Шымкентте 13 кәсіпорын 90 қызметкерге 133 млн теңгеден астам жалақы қарыз.