Шымкент тұрғынының заңсыз ойын бизнесінен 2,8 млрд теңге тәркіленді

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент тұрғынының заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны анықталды. Оның бақылауымен мобильді қосымша арқылы покер клубы форматындағы онлайн-казино қызмет көрсеткен. 

Фото: Freepik

Қазақстан Бас прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл қылмыстық әрекет аталған азаматқа аса ірі көлемде заңсыз табыс әкелген.

Бірінші сатыдағы сот Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолдана отырып, оған шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Заңсыз алынған қаражатты тәркілеу мәселесі сол кезде шешілмеген. 

Бас прокуратураның шағымы негізінде кассациялық сот шартты жазаны жойып, 4 жылға нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 

Мемлекет пайдасына онлайн-казино арқылы алынған 2,8 миллиард теңге көлеміндегі заңсыз кіріс өндірілді. 

Еске сала кетейік, осыған дейін Қазақстанда «STOP трафик» операциясы аясында адам саудасына қатысты ондаған қылмыстық схема әшкереленгенін жазғанбыз.