АСТАНА. KAZINFORM – Шымкент қаласында теннистен өтіп жатқан челленджер турнирінде жұптық сында қазақстандық Григорий Ломакин ширек финалға шықты.
Қазақстандық теннисші ресейлік Петр Бар-Бирюковпен бірге алғашқы айналымда жапониялықтар Томохиро Масабаяши – Наоки Таджиманың мысын басты.
Бірінші партия 6:3 есебімен жапониялық жұптың пайдасына шешілді. Бұдан кейін Ломакин – Бар-Бирюков камбэк жасай білді – 6:4, 10:5.
Бір сағат 13 минутқа созылған бәсекеде қазақстандық-ресейлік дуэт 2 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Жапониялықтар 3 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.
Григорий Ломакин – Петр Бар-Бирюков жартылай финалға шығу үшін норвегиялық Виктор Дурасович – германиялық Кай Венельтпен таласады.
Басқа қазақстандық теннисшілер ширек финалға шыға алмады.
Жекелей сында жарысты Денис Евсеев жалғастырады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Шымкент турнирінде Денис Евсеевтің 18 жастағы Әмір Омархановты жеңгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Анна Данилина Франциядағы турнирдің ширек финалына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).