Шымкент зауыты қараша айында толық іске қосылады – Ерлан Ақкенженов
Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты қашан толық іске қосылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Шымкент зауыты қазір АИ-95 маркалы бензинді өзінің қуатынан 50 пайыз кем өндіріп отыр. Қараша айында Шымкенттегі зауыт толық қуатына шыққанын көреміз деп ойлаймын. Сол үшін қосымша шаралар қабылданды. Жоспар бойынша, Шымкент мұнай өңдеу зауытының басшылығы берген мәлімет бойынша қараша айының алғашқы күндері кәсіпорын толық қуатына енеді», - деді вице-министр.
Оның сөзінше, келесі айда Атырау зауытында жөндеу жұмыстары басталады.
«Атырау мұнай зауыты жөндеу жұмыстарынан жақсы шықса, қазан айында 15 мың тонна бензин өндірер еді. Ал қараша айында, желтоқсанда, жылдың аяғына ешқандай қосымша импортсыз жетеміз деген есеп бар. Атырау зауытының күрделі жөндеу жұмыстары 1 қазаннан 3 қарашаға дейін жоспарланған», - деді Ерлан Ақкенженов.