Шымкент–Сарыағаш трассасында қозғалысқа әсер етпейтін жедел жөндеу басталды

АСТАНА. KAZINFORM — 13 маусым күні сағат 16:00 шамасында автомобиль жолдарының жай-күйіне жүргізілген мониторинг барысында «ҚАЖсервис» ЖШС Түркістан облыстық филиалының мамандары республикалық маңызы бар KZ13-03 «Шымкент — Өзбекстан Республикасының шекарасы (Жібек жолы өткізу пункті)» автомобиль жолының Шымкент — Сарыағаш бағыты бойынша 718-шақырымында цементбетон жабынының ақауын анықтады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» компаниясы мәлім етті.

Фото: «ҚазАвтоЖол» компаниясы

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және анықталған ақаудың одан әрі ұлғаюына жол бермеу мақсатында аталған учаскеде жедел түрде профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта мамандар жол жабынының техникалық жай-күйін тексеріп, жүру бөлігін қалпына келтіру бойынша қажетті шараларды қабылдады.

Оқиға орнында тиісті уақытша жол белгілері орнатылып, қозғалыс қауіпсіздігі жол қызметтерінің тұрақты бақылауына алынған.

— Осыған байланысты жүргізушілерден белгіленген жылдамдық режимін сақтауды, уақытша жол белгілерінің талаптарын орындауды және аталған учаскеден өту кезінде барынша мұқият болуды сұраймыз, — делінген хабарламада.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жаз мезгілінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы цементбетон жабындарының жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізілетінін атап өтеді. Мұндай профилактикалық жұмыстар ықтимал ақауларды дер кезінде анықтауға, қажетті шараларды жедел қабылдауға және жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, «ҚазАвтоЖол» цементбетон плиталарындағы деформация қаупі бар 31 учаскені анықтады.