Шымкентте 10 көшеде асфальт жабыны шөгіп кетті

Фото: видеодан алынған скрин

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласындағы Нұртас шағынауданында 10 көшеде жол шөгіп, асфальт жабыны бүлінген. 

Қала әкімдігінің мәліметінше, Нұртас шағынауданында асфальт жабынының төмен түсуі анықталған көшелерде құрылыс жұмыстарын «Тараз Строй 2004» мердігер мекемесі жүргізген.

Фото: видеодан алынған скрин

— Бұл көшелерде 2023 жылы кәріз жүйесін жүргізу жұмысы басталып, 2024 жылы мемлекеттік қабылдауға өткізілген. Алайда соңғы жауын-шашыннан кейін асфальттың бірнеше тұсы төмендеп, жол жабынының бұзылуына әкелді, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Фото: видеодан алынған скрин

Қазіргі таңда әкімдік тарапынан мердігер мекемеге асфальтты қалпына келтіру бойынша нақты тапсырма берілген. Сонымен қатар қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына жұмысты қадағалау міндеті жүктелді.

— Жөндеу барысында жолдың негізі нығайтылып, қайта асфальт төселеді. Компания жұмысты осы аптада бастап, қысқа мерзімде аяқтауды жоспарлап отыр, — деп мәлімдеді қала әкімдігі.

Фото: видеодан алынған скрин

Бұдан бұрын Шымкентте кәріз коллекторының істен шығуына байланысты жолдың қақ ортасында асфальт опырылып, суға толған терең шұңқыр пайда болғанын жазған едік