Шымкентте 100-ден астам заңсыз құрылыс нысаны анықталды

Шымкент қаласында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы күшейтілді. Тексеру барысында құрылыс ережелері мен жұмыс сапасына қойылатын талаптарды бұзған ондаған компания бақылауға алынды.

Фото: Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы

Жыл басынан бері Шымкент қаласында құрылыс нормалары мен заң талаптарын бұза отырып салынған 106 нысан анықталды. Оның 56-сына әкімшілік шаралар қабылданды.

Ең көп заңбұзушылық Абай ауданында тіркеліп, мұнда 39 заңсыз нысан анықталған. Қаратау ауданында 21 заңсыз құрылыс алаңы табылса, Әл-Фараби ауданында — 19, Еңбекші ауданында — 17, ал Тұран ауданында 10 дерек анықталған.

Тексеру барысында мамандар 72 құрылыс алаңын қарап, жалпы сомасы 61,6 млн теңге айыппұл салды.

59 нысан бойынша заңсыз құрылыс жүргізгені үшін 42,4 млн теңге көлемінде айыппұл жазылды. Тағы 8 нысанда құрылыс жұмыстары сапасының талаптары бұзылғаны үшін 8,6 млн теңге өндірілді. Ал тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заң талаптарын сақтамаған бес нысанға 10,6 млн теңге айыппұл тағайындалды.

— Лицензиялық бақылау аясында 442 құрылыс компаниясы жауапкершілікке тартылды. Жалпы айыппұл көлемі 86,1 млн теңге болды. Ұйымдардың лицензиялары 6 айға тоқтатылды, — деп хабарлады қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы.

Тексеру қорытындысы бойынша жергілікті бюджетке жалпы 147,6 млн теңге өндірілді.

Айта кетейік, Алматының орталығындағы заңсыз нысан сот шешімімен бұзылды.