Шымкентте 1,35 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған бес адамға сот үкімі шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Шымкентте 1 млрд 351 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыруға қатысты резонансты қылмыстық іс бойынша бес адамға үкім шықты. Бұл туралы қалалық сот хабарлады.

Фото: gov.kz

Сот мәліметінше, айыпталушылар жалған құжат рәсімдеп, Ұлттық білім беру деректер базасына әдейі жалған мәліметтер енгізген. Нәтижесінде мемлекетке 1 млрд 351 млн 527 мың 344 теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген.

Іс бойынша негізгі айыпталушы аса ірі көлемдегі алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 10 жыл бойы жалпы білім беру ұйымдарында басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды.

Сот оның бұрын да сотталғанын ескеріп, жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуді белгіледі.

Қалған төрт айыпталушы аса ірі көлемдегі алаяқтыққа көмектескені үшін кінәлі деп танылып, 4 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Олар жазаларын орташа қауіпсіздік мекемелерінде өтейтін болады.

Соттың анықтауынша, күдіктілер ұйымдасқан түрде әрекет еткен. Олардың бірі оқу орнының құрылтайшысы, екіншісі колледж директоры болса, қалғандары бухгалтер қызметін атқарған.

Тергеу барысында Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі іс жүзінде білім беру қызметін жүргізбегені анықталды. Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан жоғары медицина колледжінде ақылы бөлімде оқыған студенттер жалған бұйрықтар арқылы заңсыз түрде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылар ретінде рәсімделген.

Сот процесі кезінде айыпталушылар, олардың туыстары мен адвокаттары фото және бейнетүсірілім жүргізуге қарсылық білдірді. Әзірге тараптардың үкімге шағым түсіретіні белгісіз. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, осы қылмыстық схемаға қатысты басқа іс бойынша бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері мен облыстық білім басқармасының экс-басшысы да нақты мерзімге сотталған болатын. Тергеу мен соттың қорытындысына сәйкес, олар негізгі айыпталушы ұйымдастырған қылмыстық схемаға қатысы бар деп танылған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысында мектептің бұрынғы директоры сыбайлас жемқорлық үшін сотталған болатын.