Шымкентте 1,5 сағатқа созылған күрделі ота сәбидің өмірін сақтап қалды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Шымкент қалалық перинаталдық орталығында туа біткен ішек ақауымен дүниеге келген нәрестеге күрделі операция жасалды.

Фото: ҚР ДСМ

41 апталық мерзімде 3450 грамм салмақпен ауыр халде туған шақалаққа екі күнінде шұғыл түрде ота жасалды. Неонаталды хирургия саласындағы заманауи әдістерді қолданған ота 1,5 сағатқа созылған. Операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жоғары білікті мамандардың қатысуымен өтті.

Шымкент қалалық перинаталдық орталығының неонатолог-реаниматологы Ағзат Шолпанқұлованың айтуынша, дер кезінде жасалған операция жаңа туған нәрестенің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. 

– Нәресте ішек ақауының патологиясымен дүниеге келді. Диагностикалық тексерулерден кейін дереу операция жасау туралы шешім қабылдадық. Мұндай күрделі неонаталды операциялар сәбилердің өмірін аман сақтап қалуға зор мүмкіндік береді. Сәби алдағы уақытта тұрақты бақылауда болады, – деді маман.

Шымкент қалалық перинаталдық орталығында жыл басынан бері ішкі ағзаларында түрлі ақауы бар 30-ға жуық жаңа туған сәбиге күрделі операция жасалған. Мұнда неонаталды жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесі жұмыс істейді. Әсіресе асқазан-ішек жолдарына ота жасалған балаларға операциядан кейінгі кезеңде ерекше күтім қажет. 

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте үшем дүниеге келгенін жазған болатынбыз.