Шымкентте 17 газ таратушы мекемеге сұйық отын талапқа сай бөлінбеген
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Бүгінде Шымкентте 4 газ толтыру станциясы және 200-ден автогаз құю станциясы жұмыс істейді.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің мәліметінше, биыл қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына қатысты заңсыздықтар анықталып, салдарынан 17 субъектіге сұйытылған мұнай газы талапқа сай бөлінбегені белгілі болды.
Атап айтқанда, 5 газ таратушы мекемеге тиесілі мөлшерден 252 тонна артық газ таратылған. Ал 9 субъектіге белгіленген көлемнен 360 тонна кем бөлінген. Сонымен қатар газ алуға құқығы жоқ 3 субъектіге 180 тонна сұйық отын жеткізілген.
– Тиісті басқарма сұйытылған мұнай газын бөлу барысында газ таратушы ұйымдарға тең құқық бермей, олардың сұранысын толық көлемде қамтамасыз етпеген. Соның салдарынан нарық субъектілерінің құқықтары шектеліп, негізсіз газ тапшылығының туындауына жол берілген. Басқармаға хабарлама жіберіліп, кемшіліктерді жоюға бір ай уақыт берілді. Белгіленген мерзімде кемшіліктер түзетіліп, жағдай тұрақтала бастады, – деді департамент басшысы Ернар Қосбаев.
Оның мәлімдеуінше, қала аумағында сұйытылған мұнай газы тапшылығының алдын алу үшін қазіргі кезде пилоттық жүйе енгізіліп жатыр. Аталған жүйе газды бөлуді автоматтандыруды, яғни заманауи техникалық құралдарды қолдану арқылы адам факторынсыз жүзеге асыруды көздейді.
– Бұл мәселеге байланысты басқармаға жыл сайын арыз-шағым түседі. Егер пилоттық жүйе толықтай қолданысқа енгізілсе, газды бөлу процесі ашық әрі әділетті түрде жүзеге асады, – деді ол.
Ресми мәліметке сүйенсек, өткен жылы қалада 463 мыңнан астам көлік тіркелген, олардың 66 мыңнан астамы (14,3%) сұйытылған газ қолданады.
Бұдан бұрын Шымкентте жүргізушілер газ құю бекеттерінде кезек күтуге мәжбүр болғанын жазған едік.