Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында қала көшелерінің бірінде қауіпті маневрлер жасап, көлік жарысын ұйымдастырған жүргізушілердің бейнежазбасын анықтады.
Бейнежазбадан олардың қозғалыс кезінде қарсы бағыттағы жолаққа шығып, жол ережесін өрескел бұзғаны, өзге жүргізушілерге қауіп төндіріп, апаттық жағдай туғызғаны байқалған. Сондай-ақ аталған әрекеттерін видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялаған.
Тексеру барысында қатысушылардың бірінің жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндегені белгілі болды.
— Жастардың мұндай қауіпті әрекетке баруына 200 мың теңгеге бәстесу себеп болған. Олар ұтысқа жетіп, әлеуметтік желіге әсерлі бейнежазба жариялауды мақсат еткен, — делінген қалалық полиция департаментінің хабарламасында.
Жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар, олардың екеуі ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 7 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Бұған дейін Шымкентте жүргізуші куәлігін алу емтиханы кезінде автокөлік аударылып кеткенін жазған едік.