Шымкентте 2800-ден аса адам жануарлардан зардап шекті

Фото: БҚО ветеринария басқармасы

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Жыл басынан бері Шымкентте жануарлардан 2822 адам зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінді.

Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Талғат Мекамбаевтың айтуынша, өткен жылы қалада 36 мыңға жуық ит ауланса, биыл бұл көрсеткіш 47 мыңға жеткен.

– Иттер тұрақты түрде ауланып, зарарсыздандырылып жатыр. Заңға сәйкес, қазіргі таңда оларды атуға тыйым салынған, тек ұсталады. Ал жануарлар арасында құтыру ауруы тіркелген жоқ, – деді ол.

Ресми мәліметке сүйенсек, иттен 1 671, мысықтан 1 065 адам зардап шеккен. Басқа жануарлардан зардап шеккендер саны – 86.

Сондай-ақ қаңғыбас жануарларға стерилизация (кастрация) жұмыстары жүргізіліп, 2401 ит пен 200 мысық зарарсыздандырылды. Уақытша ұстау орталығынан ауланған ит-мысықтардың 584-і зооеріктілер мен иелеріне қайтарылған.

Бұдан бұрын Шымкентте тұрғындар жағымсыз иіске шағымданып жатқанын жазған едік.