Шымкентте 29 мыңнан астам азамат мүлік салығын төлемеген

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте мүлік салығы бойынша берешек көлемі 230 млн теңгеге жетті. Қарызын өтемегендердің саны 29 мыңнан асты.

Фото: Мемлекеттік кірістер комитеті

Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Шоқан Омарбек мәлім етті.

– Берешегі 1 АЕК-тен асатын борышкерлердің материалдары жеке сот орындаушыларына жолданады. Одан әрі олар мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады. Борышкерлердің банк шоттары бұғатталып, мүлкіне шектеу қойылады. Ал берешек көлемі 40 АЕК-тен асқан жағдайда шетелге шығуға тыйым салынады, – деді ол.

Спикердің айтуынша, мүлік салығы тұрғын үйдің бағалау құны негізінде есептеледі. Бағалау құнына нысанның орналасқан жері, салынған жылы, құрылыс материалы, көлемі және амортизациялық тозуы әсер етеді.

– Құрылыс материалының құны жоғары әрі үйдің көлемі үлкен болған сайын оның бағалау құны да арта түседі, – деді Шоқан Омарбек.

Сондай-ақ ол биылдан бастап пәтерін жалға беретін азаматтар үшін салық салу тәртібі жеңілдетілгенін атап өтті.

– Егер ай сайынғы табысы 1,3 млн теңгеден аспаса, азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ, Kaspi.kz немесе E-Salyq Business мобильді қосымшалары арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне тіркеле алады. Бұл режим бойынша салық есептілігін тапсыру және жеке табыс салығын төлеу талап етілмейді. Тек табыстың 4 пайызы мөлшерінде әлеуметтік төлемдер аударылса жеткілікті, – деді бөлім басшысы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Шымкент қаласында көлік салығы бойынша берешегі 250 АЕК-тен асатын 44 тұлғаға қатысты жүргізуші куәлігінен айыру шараларын қолдану үшін сот органдарына ұсыныс жолданды.