Шымкентте 341 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды

Фото: Freepik

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — 2025 жылдың басынан бері Шымкент қаласында 341 жер учаскесі мемлекет мұқтажына алынған. Бұл жұмыстар қаланың Бас жоспарына сәйкес, қала әкімдігінің қаулысы негізінде жүзеге асырылды.

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, бүгінде 298 жер учаскесінің иесіне мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт негізінде қаржы төленген, ал 43 учаскеге тең бағалы жер учаскесі берілген.

— Қазіргі таңда Қонаев даңғылы жалғасының 5-кезеңінің құрылысына 270 жер учаскесі түседі, осы бағытта жұмыстар жалғасады. Бұл ретте, 253 учаскенің иесіне өтемақы төленіп, мемлекет мұқтажына алынды. Қалған 17 учаске бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. А-2 автожолының (Бадам өзенінен Қазығұрт шағынауданындағы айналма жолға дейін) құрылысы 80 жер учаскесін қамтиды, бүгінде 25 учаскеге өтемақы төленіп, мемлекет мұқтажына алынды, — деді қала әкімінің орынбасары өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Брифингте атап өтілгендей, С. Бәйтереков көшесінің жалғасы — Ы.Алтынсарин көшесін (Алматы көшесінен Тұран шағынауданына дейін) қайта құру құрылысына 56 учаске қажет болса, 42 жер учаскесінің иесіне өтемақы төленіп, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылған.

Сондай-ақ Қазиев көшесінің жалғасын салу үшін (Арғынбеков көшесінен Төлеметов көшесіне дейінгі аралығы) жалпы 25 жер учаскесі мемлекет игілігіне алынуға жатады. Қазіргі таңда 21 учаске толық мемлекет меншігіне қайтарылған.

Бұдан бұрын Елорда әкімдігі 38 жер учаскесін 1 млрд теңгеге сатып алатынын жазған едік