Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, тергеуді Қаржылық монитринг агентттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жүргізді.
Тергеу мәліметтеріне қарағанда, өзін зергерлік бұйымдарды сатумен айналысатын компания ретінде таныстырған күдіктілер салымшыларға ай сайын салынған қаржының 20-40% көлемінде табыс уәде еткен.
Алайда төлемдер нақты табыстан емес, жаңа салымшылардың есебінен жүзеге асырылып отырған. Нәтижесінде қаржы пирамидасына 4 мыңнан астам азамат тартылған. Күдіктілер салымшылардан түскен ақшаны қымбат автокөліктер, жер телімдері мен пәтерлер сатып алуға жұмсаған. Сот үкімімен 9 адам кінәлі деп танылып, оларға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сот шешімімен 402 млн теңге көлеміндегі қаражат, 52 автокөлік, жеке тұрғын үй, элиталық тұрғын үй кешендеріндегі 2 пәтер, сондай-ақ 17 келі зергерлік бұйым мемлекет пайдасына тәркіленді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Осыған дейін Көкшетауда 136 миллион теңге жинаған қаржы пирамидасы әшкере болғаны туралы жаздық.