Шымкентте 47 өлшемді аяқ киім киетін сарбаз борышын өтеп жүр

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінде бойы екі метрге жуық, 47 өлшемді аяқ киім киетін қатардағы жауынгер Денис Мухин қызмет етеді.

Фото: Ұлттық Ұланның баспасөз қызметі

19 жастағы сарбаз Алматы облысынан мерзімді әскери қызметке шақырылған. Ол әскерге дейін Талғар политехникалық колледжін «автоэлектрик» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Фото: Ұлттық Ұланның баспасөз қызметі

Денис бала кезінен волейболмен айналысқан. Тоғызыншы сыныпта-ақ 45 өлшемді аяқ киім киген. Сарбаздың айтуынша, бойы мен аяқ киім өлшемінің үлкен болуы әкесінен дарыған.

Әскери қызметінің алғашқы күндерінен-ақ оған қажетті киім-кешек пен аяқ киімді таңдау мәселесі туындаған. Оқу пунктінде өзіне шақ аяқ киім табылғанша, оған әскери бөлім берген кроссовканы киіп жүруге тура келген.

Фото: Ұлттық Ұланның баспасөз қызметі

Көп ұзамай әскери бөлім қызметкерлері Дениске 47 өлшемді аяқ киім тауып берген. Содан бері үлкен өлшемді аяқ киімі қаруластарының арасында оны бірден тануға мүмкіндік беретін белгілердің біріне айналған.

– Шымкент қаласында кезекшілік атқарып жүргенде адамдар менің бойыма да, аяқ киіміме де таңғалып жатады. Әскерге алғаш келгенде аяғыма шақ аяқ киім табу оңай болған жоқ. Кейін арнайы аяқ киім алдырды. Осы жағдайдың өзі қызық оқиғаға айналды. Әскерге де тез үйренісіп, бәрімен тіл табысып кеттім, – дейді Денис Мухин.

Фото: Ұлттық Ұланның баспасөз қызметі

Қазір ол қала көшелерінде күн сайын патрульдік қызмет атқарып, тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып жүр.

Денис бойымен ғана емес, мемлекеттік тілді жетік білуімен де көзге түседі. Ол күнделікті қызмет барысында қазақ тілінде еркін сөйлеседі.

Ал қаруластары бойшаң сарбазды әзілдеп «Гулливер» деп атап кеткен.

Фото: Ұлттық Ұланның баспасөз қызметі

Бұған дейін Ақтөбедегі әскери бөлімде бір сыныпта оқыған 6 жігіт Отан алдындағы борышын өтеп жүргенін жазған едік.