Шымкентте 500-ге жуық адам бас қосқан AI форумы өтіп жатыр

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күніне орай «Көрме» орталығында «Shymkent AI Forum — 2026» өңірлік форумы басталды.⁣⁣⠀

Фото: Ішкі саясат басқармасы

Ауқымды жиынның негізгі мақсаты — өңірде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды ілгерілету, тың жобаларды көпшілікке таныстыру, IT-компаниялар мен стартаптар арасындағы әріптестікті арттыру және технологиялық кәсіпкерлікке серпін беру.⁣⁣⠀

Фото: Ішкі саясат басқармасы

Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, IT саласының мамандары, кәсіпкерлер, стартап өкілдері, сала сарапшылары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері — барлығы 500-ге жуық адам жиналды.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Бағдарлама аясында цифрландыру мен жасанды интеллекттің өзекті мәселелерін қамтитын төрт панельдік отырыс өтеді. Қатысушылар «Цифрлық Шымкент: сын-қатерлер және алдағы міндеттер», «AI дәуіріндегі стартаптар», «Why MedTech?» және «AI & ML. Ертең не істейміз?» тақырыптарын талқылайды. Талқылауларға 14 баяндамашы мен 4 модератор қатысады.⁣⁣⠀

Фото: Ішкі саясат басқармасы

Көрме аймағында технологиялық жобалар кеңінен таныстырылды. Startup Alley алаңында стартаптар өз әзірлемелерін ұсынса, өзге компаниялар технологиялық шешімдерін жеке стендтерде көрсетіп отыр.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Сонымен қатар қатысушылар үшін медициналық технологиялар саласындағы жаңашыл жобаларды ұсынған 10 команда сынға түсетін «MedTech Startup Battle» байқауы ұйымдастырылды. Байқаудың жүлде қоры — 1 миллион теңге.⁣⁣⠀

Фото: Ішкі саясат басқармасы

Форум аясында робототехникаға арналған Robo Zone мен Game Zone интерактивті алаңдары да жұмыс істейді. Мұнда келушілер заманауи технологиялармен және жаңа цифрлық шешімдермен тәжірибе жүзінде таныса алады.⁣⁣⠀

Фото: Ішкі саясат басқармасы

«Shymkent AI Forum — 2026» — мемлекеттік секторды, IT-бизнесті, жоғары оқу орындарын және стартап-қауымдастықты тоғыстырған маңызды технологиялық алаң. Форум қорытындысы өңірдің цифрлық және инновациялық әлеуетін арттыруға, технологиялық жобаларды дамытуға және сала өкілдері арасындағы әріптестікті кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады деп күтіледі.