Шымкентте 6 мыңға жуық ЖРВИ жағдайы тіркелді

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте коронавирус жұқтырған екі адам анықталды. Қыркүйек айы басталғалы қалада бірнеше мың адам жіті респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) жұқтырған.

Фото: Астана әкімдігі

Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетованың айтуынша, қыркүйек айында қалада ЖРВИ-дің 5967 жағдайы тіркелген. Оның тең жартысы, яғни 2978-і – 14 жасқа толмаған балалар.

Спикердің сөзінше, жыл басынан бері қалада коронавирус инфекциясының 8 жағдайы анықталған. Оның екеуі осы айда белгілі болған.

– Тұмауға ұқсас ауруларға қатысты 8 сынама зертханалық тексеруден өтті. Оның үшеуінен оң нәтиже алынды. Бір сынамадан РС вирусы шықты. Сонымен қатар коронавирус бойынша екі оң нәтиже тіркелді. Бұл аурулардың клиникалық көріністері өте ұқсас. Олардың нақты түрін тек зертханалық зерттеу арқылы анықтауға болады, – деді Айгүл Тұрымбетова.

Айта кетейік, жылдың сегіз айында қалада ЖРВИ жұқтырғандар саны 148 мыңға жуықтаған. Оның 60 пайызы – балалар.

Қазіргі таңда қалада маусымдық аурулардың алдын алуға бағытталған вакцинация науқаны жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін БҚО-да жіті ішек жұқпасымен ауырғандар саны 300-ден асқанын хабарлаған едік.