Шымкентте 64 млн теңгені жымқырған мектеп бухгалтері ақшаның көбін құмар ойынға тіккен

Фото: Фото: Pexels

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте 64 млн-нан астам теңгені қалтасына басты деп сотталған жалпы орта мектептің бас есепшісі бұл қаржының басым көпшілігін букмекерлік кеңсеге тіккен.

Ашық сот кабинетіндегі сот материалдарына сәйкес, бас есепші 2021 жылдың қыркүйек айы мен 2023 жылдың тамыз айы аралығында өзінің есеп шотына жалпы 16 906 873 теңгені, жұбайының атындағы есепшотқа 5 125 511 теңгені, осы мектептің тарих пәні мұғалімінің есепшотына жалпы 10 010 611 теңге, осы мектептің бұрынғы экономист маманының есепшотына 32 252 518 теңгені заңсыз аударған.

Ол бұл ақшаның бәрін олардың банк картасын қолдана отырып өзі шешіп алып, бас пайдасына жаратқан. 

Бас бухгалтер сот отырысында қаржының көбін букмекерлік кеңсеге тіккенін мойындаған.

Айтуынша, құмар ойынға тәуелді болғандықтан өзін тоқтата алмаған. Ал қалған қаржыға көлік алған, үйленген және шетелге шыққан.

Еске салсақ, біз бұған дейін 64 млн-нан астам ақшаны жымқырды деп айыпталған бас бухгалтер 8 жылға сотталғанын жазған болатынбыз.

Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Сотталушы апелляциялық шағым түсірген.