Шымкентте 8-сынып оқушысы өзіне қол салды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Қайғылы жағдайға байланысты құзырлы орган өкілдері тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Шымкентте Ө.Жолдасбеков атындағы №9 IT лицейінің 8-сынып оқушысы өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмды. Оқиға 6 сәуір күні сағат 17:21 шамасында болған. Жасөспірімді туыстары үйінен тапқан.
Қалалық білім басқармасының хабарлауынша, жедел жәрдем қызметі шақырылғанымен, келген кезде жасөспірімде өмірлік белгілер болмаған. Марқұм оқушы медициналық есепте тіркеуде тұрмаған.
Аталған дерек бойынша Шымкент қаласы полиция департаменті қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталғанын мәлімдеді.
– Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, - делінген ведомство мәліметінде.
Бұған дейін қалалық білім басқармасы Шымкентте 2025 жылы отбасылық жанжалдарға байланысты 11 оқушының өз-өзіне қол жұмсау дерегі тіркелгенін хабарлаған еді.