Шымкентте 8 жастағы қызға азғындық жасаған ер адам сотталды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте 8 жастағы оқушы қызға азғындық әрекет жасаған 56 жастағы ер адамға қатысты жаңа үкім шығарылды. Бұған дейін оған осы іс бойынша 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған еді. Алайда алғашқы үкімнің күші жойылып, іс қайта қаралғаннан кейін сотталушы 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Фото: pixabay.com

Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚК-нің 124-бабының 1-бөлігі бойынша айыпталған ер адамға қатысты қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралды.

Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 28 сәуірде сотталушы Шымкенттегі тұрғын үйдің кіреберісінде кәмелетке толмаған жәбірленушіге қатысты күш қолданбай азғындық әрекеттер жасаған.

Сотталушының кінәсі жәбірленуші мен куәлардың жауаптары, заттай айғақтар және іс бойынша жиналған өзге де материалдармен толық дәлелденді.

Прокурор сотталушыны 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сот жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде оның II топтағы мүгедектігін ескерді.

– Сот Н.-ны ҚК-нің 124-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар педагогикалық қызметпен және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырды, – делінген қалалық соттың хабарламасында.

Жәбірленуші тараптың азаматтық талап-арызы ішінара қанағаттандырылды. Сотталған азаматтан жәбірленушінің пайдасына моральдық зиянды өтеу үшін 3 млн теңге өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Қызылордада кәмелетке толмаған қызды зорлау ісі бойынша бірнеше күдікті қамауға алынғанын хабарлаған едік.