Шымкентте адам ұрламақ болғандардың әрекеті видеоға түсіп қалды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM- Шымкентте адам ұрлауға оқталған екі күдікті қамауға алынды.
Әлеуметтік желіге жарияланған видеодан 3 ер адамның бір жігітті ұрып, көліктің жүк салғышына салғанын көруге болады. Айналада жүрген адамдар араша түскенімен күдіктілер көлігімен кетіп қалған. Оқиғаны сол маңнан өтіп бара жатқан тұрғын телефонына түсіріп алыпты.
Ал, Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған оқиғаға қатысты екі күдікті ұсталып, қамауға алынғанын мәлімдеді.
— Әлеуметтік желіде азаматқа қатысты заңсыз әрекеттерге байланысты оқиғаның бейнежазбасы тарады. Полиция қызметкерлерімен оқиға қатысушыларының жеке басы анықталып, көлік құралы табылды. Екі күдікті ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі таңда оқиға бойынша қажетті процессуалдық жұмыстар жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырамыз, - делінген ведомства ақпаратында.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте қарсы жолаққа шығып, жолды жапқандар жауапқа тартылғанын жазған болатынбыз.