Шымкентте әлем чемпионы атанған жас балуанға көлік сыйлады

АСТАНА. KAZINFORM - Шымкент қаласында грек-рим күресінен 17 жасқа дейінгі әлем чемпионы Дияр Аманәліні салтанатты түрде қарсы алып, құрмет көрсетті, деп хабарлайды informsports.kz.

Фото: instagram.com/ grekoroman_wrestlingkz

Бакуде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алған жас балуанға су жаңа автокөлік пен асыл тұқымды тұлпар сыйға тартылды.

Чемпион жеңістен кейінгі әсерін бөлісіп, жетістікке жету жолында қолдау көрсеткен жаттықтырушыларына, ата-анасына және жанкүйерлерге алғысын білдірді.

– Бұл жеңістің қуанышын сөзбен жеткізу қиын. Осы күнге жету үшін көп еңбек еттік, талмай жаттықтық. Қуанышымды отбасыммен және барша Қазақстан халқымен бөлісемін. Ең алдымен бапкерлеріме және ата-анама шексіз алғыс айтамын. Олар мені күні-түні дайындады, – деді Дияр Аманәлі.

Жерлестері әлем чемпионының тарихи жетістігін қазақы дәстүрмен атап өтіп, құрмет белгісі ретінде тұлпар мінгізді. Жас спортшы жаңа сәйгүлігін қуанышпен қабылдап, алғаш рет тізгіндеді.

Дияр Аманәлі грек-рим күресінен U17 әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алғанын жазған едік.